Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы Марфуға Айтхожаны 90 жас мерейтойымен құттықтады
Жеделхатта ақын ғибратты ғұмырын ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытуға арнағаны айтылған
Мемлекет басшысы ақын, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы Марфуға Айтхожаға құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, қоғам қайраткері, ерекше дарын иесі ретінде халық құрметіне бөленген Марфуға Ғалиқызын 90 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
Мемлекет басшысы жеделхатта ақын ғибратты ғұмырын ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытуға, қазақ поэзиясының өрісін кеңейтуге арнағанын атап өткен.
«Қазақтың дархан даласы мен тамыры терең тарихын, ұлтымыздың ынтымақ-бірлігі мен салт-дәстүрін өршіл де сыршыл өлеңдеріңізге арқау еттіңіз. Оқырман қауым жырларыңызды сүйсініп оқиды және өзіңізді «Қазақтың жыр Аққуы» деп ардақтайды. Алдағы уақытта да өнегелі өміріңізбен өскелең ұрпаққа үлгі болып, ел-жұрттың ортасында сый-құрметке бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін», – делінген құттықтауда.