Марадонаның 1986 жылы Англия құрамасына соққан добы аукционда 3,3 млн долларға сатылды
Марадонаның сол матчта киген жейдесі де 2022 жылы аукционда 7,1 млн фунтқа сатылған
Марадонаның 1986 жылғы әлем чемпионатында Англия құрамасының қақпасына қолымен соққан добы аукционда 3,3 млн долларға сатылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Марадона ширек финалдық матчта Англияны 2:1 есебімен жеңген. Ол қақпашы Питер Шилтонның үстінен допты қолымен бағыттап, гол соққан. Ойыннан кейін журналистерге бұл голдың «Марадонаның басымен және Құдайдың қолымен» соғылғанын айтқан.
Сол кездесуде Марадона кейін футбол тарихындағы «ғасыр голы» аталып кеткен тағы бір голын соқты. Ол Англияның алаңдағы бес ойыншысын алдап өтіп, допты Шилтонның қақпасына дәл бағыттаған.

Дәл осы доп АҚШ-тағы Heritage Auctions аукционында 3,3 млн долларға (2,5 млн фунт) сатылды. Алайда оның бастапқы бағасы шамамен 10 млн доллар (7,3 млн фунт) болады деп күтілген.
«Бұл – бір ғана данасы бар, ешқандай көшірмесі жоқ бірегей жәдігер. Бәлкім, футбол тарихындағы ең маңызды зат шығар», – дейді Аукцион алдында Reuters агенттігіне Heritage Auctions маманы Майк Провензале.
1986 жылғы матчты төрелік еткен тунистік Али Бин Нассер ойын аяқталған соң Adidas Azteca добын алып, оны отыз жылдан астам уақыт сақтаған.
2023 жылы ол бұл доптың сол матчта қолданылған жалғыз доп екенін растайтын құжатқа қол қойған. Кейін бұл деректі тәуелсіз сарапшылар да растады.
Бин Нассер допты 2022 жылы 2,37 млн долларға (1,74 млн фунт) сатқан. Ал жаңа иесі оны 2023 жылы қайтадан аукционға шығарғанымен, ұсынылған баға белгіленген ең төменгі құнға жетпегендіктен, доп сатылмай қалған.
Марадонаның сол матчта киген жейдесі де 2022 жылы аукционда 7,1 млн фунтқа сатылған.