Қарағандыда екі баланың анасы өлі күйінде табылды: туыстары істі қайта тергеуді талап етіп отыр (ВИДЕО)

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 3 шілдеде болды

Қарағандыда екі баланың анасы өлі күйінде табылды: туыстары істі қайта тергеуді талап етіп отыр (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Қарағандыда 28 жастағы Шымкент қаласының тумасы, екі кішкентай баланың анасы Динара Мыңбаеваның өліміне қатысты дау туындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Криминальный Казахстан» мәліметінше, 2025 жылғы 3 шілдеде Динара Мыңбаева жұбайымен бірге тұрған пәтерден асылып қалған күйде табылған. Полиция болған жағдайды «өз-өзіне қол жұмсау» ретінде саралап, қылмыстық істі тоқтатқан. Алайда марқұмның отбасы оның өліміне қатысты мән-жайларды қайта тексеру қажет деп есептейді.

Марқұмның әпкесінің айтуынша, қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Динара мен күйеуі арасында жанжал болған. Әйел полиция шақырып, күйеуінің өзіне қол көтергенін айтқан. Туыстарының мәлімдеуінше, оқиға орнына келген полиция қызметкерлері арызда тек сөзбен балағаттау фактісін көрсетуді ұсынған.

Сол түні Динара анасына телефон шалып, өзіне күш көрсетіліп, тұншықтырылғанын айтып, өзін балаларымен бірге алып кетуді өтінген.

Анасы Шымкенттен жолға шығуға дайындалған. Алайда осы әңгімеден кейін Динарамен қайта байланысу мүмкін болмаған. Келесі күні отбасына оның қайтыс болғаны хабарланған.

Марқұмның жақындары оқиғаға қатысты сәйкессіздіктер бар екенін де айтып отыр. Олардың сөзінше, Динарының денесінде көгерген іздер болған, пәтерден кілем жоғалып кеткен, ал оның денесі ата-анасы келгенге дейін мәйітханаға жеткізілген.

Отбасы Динараны өлтіріп, өлімін «өз-өзіне қол жұмсау» ретінде көрсетуі мүмкін деген болжам жасап отыр.

Марқұмның жақындары Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен істі қайта тергеуді және қайғылы оқиға қарсаңында шақырту бойынша келген полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етуде.

Динараның артында үш жастағы және бір жарым жастағы екі ұлы қалды.

Агенттік тілшісі оқиғаға қатысты Қарағанды облысының Полиция департаменті сауал жолдады.