ШҚО-да полицей кәріз құдығына түсіп, есінен айырылып қалған екі жұмысшыны құтқарып қалды (ВИДЕО)

Ол санаулы минут ішінде алдымен бір жұмысшыны, кейін екіншісін шығаруға көмектескен

ШҚО-да полицей кәріз құдығына түсіп, есінен айырылып қалған екі жұмысшыны құтқарып қалды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Қасым Қайсенов ауылында полицей өз өмірін қатерге тіге отырып, «Молодежный» КМК-нің екі қызметкерін аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Молодежный» КМК-нің екі қызметкері Қасым Қайсенов кентіндегі №11 үйдің маңында кәріз құбырларын тазалау жұмысын жүргізген. Жұмыс барысында ер адамдардың бірі кәріз құдығына түсіп, есінен танып қалған. Әріптесіне көмектеспек болған екінші жұмысшы да артынан түсіп, ол да есінен айырылған.

Оқиғаны Ұлан ауданының криминалисі Әсет Нағашыбаев байқап қалған. Ол сол маңнан өтіп бара жатып, кәріз құдығы жанындағы адамдардың дабылға толы айқайын естіп, дереу учаскелік полиция инспекторына хабар берген.

Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы Нұрдәулет Тетепов жетті. Әр секундтың маңызды екенін түсінген ол кідірместен арқан сұратып алып, оны бекітіп, кәріз құдығына түскен. Өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, полицей көмегін тоқтатқан жоқ. Ол санаулы минут ішінде алдымен бір жұмысшыны, кейін екіншісін шығаруға көмектескен. Одан соң екі азамат жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.