«Ауыл» партиясы ТҮРКПА халықаралық байқаушыларымен кездесті

Іс-шара соңында тараптар сайлау науқанының өту барысы жөнінде пікір алмасты

«Ауыл» партиясы ТҮРКПА халықаралық байқаушыларымен кездесті
Фото: Ауыл партиясының баспасөз қызметі

Астанада «Ауыл» партиясының өкілдері Құрылтай депутаттарын сайлауға байқаушы ретінде келген Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТҮРКПА) делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуге «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары, Республикалық сайлауалды штаб жетекшісінің орынбасары Шахмардан Байманов және штаб мүшелері қатысты. Тараптар партияның сайлау науқанына қатысуы, республикалық және өңірлік штабтардың жұмысы, үгіт-насихат шараларының ұйымдастырылуы және кандидаттардың сайлаушылармен байланысы жөнінде пікір алмасты.

ТҮРКПА делегациясының құрамында Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Азамат Исираилов, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаттары Махмут Озер мен Кадим Дурмаз, комиссиясының хатшысы Айнура Абуталибова, комиссия хатшысының міндетін атқарушы Мирлан Усенканов және Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің қауіпсіздік қызметінің өкілі Мехмет Акиф Чакмакчы болды.

Шахмардан Байманов халықаралық байқаушыларға «Ауыл» партиясының сайлауалды науқанының барысы, кандидаттардың өңірлердегі жұмысы және тұрғындармен кездесулердің негізгі форматтары туралы ақпарат берді. Сонымен қатар штабтардың жұмысын ұйымдастыру және дауыс беру күніне дайындық мәселелері бойынша сұрақтарға жауап берді.

Кездесуде «Ауыл» партиясының сайлау науқанын өткізу тәжірибесімен қатар, сайлау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етудегі халықаралық байқаушылардың рөлі де сөз болды.

Іс-шара соңында тараптар сайлау науқанының өту барысы жөнінде пікір алмасты.