Ұлдана Мырзуан ісі: сотталушының адвокаты судьядан бас тарту жайлы өтініш білдірді
Судья бұл шешім бойынша үзіліске шықты
Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты соттың екінші отырысы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыстық кодекстің 254-бабы 1-бөлігі «Міндеттеріне адал қарамау» бабы бойынша Сәуле Жұбаниязова айыпталып отыр. Жұбаниязованың жаңадан қосылған адвокаты Асхат Алимов судьядан іспен толық танысу үшін сот отырысын кейінге қалдыруды сұрады.
Зардап шеккен жәбірленушілердің бірі Айнұр Нұрпейісова Қостанай қаласынан келген. Оның адвокаты Жадыра Құрымбаева жәбірленушінің сотта алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеуін сұрады.
Істі қарап отырған судья Меруерт Абаева адвокаттың іспен танысу жайлы өтінішін қанағаттандырмады.
«Осыған дейін де істі кейінге қалдыру бойынша өтінішті адвокаттың өтінішімен кейінге қалдырдық. Қазір ондай мүмкіндік қажет емес»,- деді Абаева.
Өз кезегінде Асхат Алимов судьяға қарсылық білдірді.
Айта кетерлігі, 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан Астанада тұрғын үй ғимаратының қасбеті құлаған кезде зардап шеккендерге көмек көрсетуге ұмтылып, ауыр жарақат алған болатын. Кейін ол ауруханада көз жұмды.
2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған болатын. Оқиға орнына алғашқы болып жеткендердің қатарында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да болды. Зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы үзіліп түсіп, Ұлдана мен оның әріптесінің басына тиген. Сол қайғылы оқиға салдарынан жалпы бес адам түрлі жарақат алды.
Жас маман он күн бойы жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Дәрігерлер қолдан келген ем-домның бәрін жасағанымен, 2025 жылғы 18 қарашада 23 жастағы Ұлдана Мырзуан қайтыс болды. Сол күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның ерлігін жоғары бағалап, марқұмды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.
Кейін Астанадағы медициналық колледждердің біріндегі оқу аудиториясына Ұлдана Мырзуанның есімі берілді. Бұл шешім оның қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен жанқиярлығы мен кәсібіне адалдығына көрсетілген құрмет ретінде қабылданды.