«Қызыңызды неге алып кетпедіңіз?»: Меркіде қайтыс болған 19 жастағы келіншектің туыстарына белгісіз адам қысым көрсеткен

Бұл туралы nurilyaa_kz аккаунтын қолданушы  азамат өзінің Threads әлеуметтік желісінде жариялады

«Қызыңызды неге алып кетпедіңіз?»: Меркіде қайтыс болған 19 жастағы келіншектің туыстарына белгісіз адам қысым көрсеткен
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Жамбыл облысында 19 жастағы келіншек Мадина Рашидқызының өліміне қатысты тергеу басталды. Жас келіншек Меркі ауданында күйеуімен бірге шамамен екі жыл тұрған. Артында сегіз айлық сәбиі қалды. Қазіргі уақытта марқұмның туыстарына белгісіз біреулер қысым жасап жатқаны туралы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жақында Threads әлеуметтік желісінде  nurilyaa_kz аккаунтын қолданушы 16 тамызда марқұмның туыстары Тараз қаласына арнайы келіп, екінші рет сот-медициналық сараптамасын жасатпақшы болғанын жазды. Оның айтуынша, жақындары сарапшыны күтіп, мәйітхана алдында тұрған кезде, жанына жасы үлкен ер адам келген. Ол өзін құзырлы органдардың бұрынғы қызметкері ретінде таныстырған.

«Ол өзін бұрынғы қызметкермін деп таныстырып, ұлының қазір Тараз полициясында жұмыс істейтінін айтты. Содан кейін «Неге қызыңызды алып кетпедіңіздер?» деп сұрады. Сол сәтте Мадинаның әпкесі мәйітті отбасына бермей қоя ма деп қорыққан екен. Оған себеп ер адамның морг ғимаратына бірнеше рет кіріп-шыққаны болған», – деп жазды  Threads қолданушысы.

Жазба авторының айтуынша, сол кезде Мадинаның туыстарының жанында бірнеше адам болған.  

«Отбасы үшін өте ауыр күнде, оның үстіне моргтың алдында мұндай қысым көрсетуге жол берілмеуі керек. Мадинаның жақындары оның өлімінің нақты себебі анықталғанын ғана қалайды. Ал бұл жағдайдың барлық мән-жайын тиісті органдар анықтауы керек», – деп жазды ол.

Айта кетейік, жас келіншек пен күйеуінің арасындағы ұрыс әу баста қарапайым «барни» тәттісінен басталғаны, кейіннен денесінің сау тамтығы қалмағаны хабарланған.