«Қолжетімді интернет»: келер жылы 3 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты желіге қосылады
2025 жылы спутниктік байланыс арқылы 362 ауыл интернетпен қамтамасыз етілді
Қазақстанда интернет инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 31 іс-шараның 21-і орындалып, жүздеген ауыл жоғары жылдамдықты байланыспен қамтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылы спутниктік байланыс арқылы 362 ауыл интернетпен қамтамасыз етілді, мобильді байланыс операторлары 12 қосарлы мақсаттағы тірек орнатты, Қазақстан бойынша 743 «ақтаңдақ» жойылды. Сонымен қатар байланыс саласын реттеуді жетілдіруге, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға қолайлы жағдай жасауға, талшықты-оптикалық байланыс желілері мен мобильді байланыс желілерінің құрылысын жеделдетуге, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезіндегі әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған ҚР заңдары мен нормативтік-құқықтық актілеріне тиісті өзгерістер енгізілді.
«Қазақтелеком» АҚ-мен 2025 жылдың маусым айында қол қойылған, бюджеттен тыс 239 млрд теңге сомасына жасалған келісім шеңберінде 2027 жылдың соңына дейін 1,2 млн адамды және 5,8 мың мемлекеттік нысанды қамти отырып, 3 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бүгінгі таңда 12 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілері салынды, 340 ауылда спутниктік байланыс арқылы интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар Дүниежүзілік банктің қолдауымен 83,9 млрд теңге көлемінде 1 123 ауылдағы 2,3 млн адамды интернетпен қамту үшін «соңғы» тұтынушы субсидиялау жобасы жүзеге асырылуда. Ол 1 123 ауылда тікелей елді мекендер мен үй шаруашылықтарына дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін салуды көздейді, бұл шамамен 2,3 млн адамды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта үй шаруашылықтарына дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстары басталды.
«Ұялы байланыс секторы 5G желілерін орналастыру бойынша міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындап, елдің 20 қаласында 3 618-ден астам базалық станса орнатты. Халық саны 250 адамнан асатын барлық ауылдар, яғни 3 807 ауыл операторларға салық преференцияларын беру есебінен 4G стандартына кезең-кезеңімен ауыстырылады, оның ішінде 2026 жылғы І жартыжылдықтағы жағдай бойынша 4G-ға 566 ауыл көшті. Халықаралық инфрақұрылымды дамыту бөлігінде Әзербайжан – Қазақстан бағыты бойынша (сыйымдылығы 6 Тбит/с дейін) Каспий теңізінің түбімен суасты ТОБЖ төсеу жұмыстары басталды, Freedom Telecom компаниясы «Батыс — Шығыс» гипермагистралінің құрылысын 58%-ға орындады (2 341 шақырым төселді), ал «Қазақтелеком» АҚ Астанада 256 тірекке арналған Tier III деңгейіндегі жаңа ДӨО құрылысының 99%-ын аяқтады», – делінген Үкіеттің хабарламасында.