«Жақсы өмірді 20 жыл күтпеу керек»: партия төрағалары қазақстандықтарға үндеу жасады

Партия басшылары сайлаушыларды 23 тамызда Құрылтай сайлауына қатысуға шақырды

«Жақсы өмірді 20 жыл күтпеу керек»: партия төрағалары қазақстандықтарға үндеу жасады
Фото: 24KZ/Видеодан скрин

Құрылтай сайлауы қарсаңында «Басты дебат – 2026» теледебатының төртінші кезеңінде партия төрағалары үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Әр партияға 2 минут уақыт берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров партия Қазақстанның байлығын көбейтіп, азаматтардың табысын арттыруды көздейтінін айтты. Адамдар жақсы өмірді жиырма жыл күтпей, қазірден жайлы өмір сүргісі келетінін айтты. Ол партия халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтінін жеткізді.

«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев экологияны келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру жайлы айтты. «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев экологиялық күн тәртібін ілгерілету және азаматтардың денсаулығын қорғау үшін партия Құрылтайда ұсынылуы тиіс екенін мәлімдеді. Ол таза ауамен, сумен, жермен және қоршаған ортамен қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтіп, балалардың денсаулығы мемлекеттің басты басымдықтарының бірі болуы тиіс екенін баса айтты.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева партия 25 жыл тәжірибесі бар, нәтиже көрсетіп келе жатқан саяси партия екенін айтып өтті. Партия ел мүддесі үшін қызмет еткісі келеді, халық ұранды емес, нақты істерді күтеді, партия өзінің сайлаушыларының үмітін ақтағысы келеді, дейді. Айтуынша партия мүшелерінің құрамында түрлі өңірден түрлі саланың өкілдері жиналған.

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай елді дамыту бірлікке, заңдылыққа және жасампаз еңбекке негізделуі тиіс екенін мәлімдеді. Ол экономиканы нығайтуға, еңбекті бағалауға және мемлекетті жүйелі түрде дамытуға шақырды. Сондай-ақ Дәдебай білімге, ғылымға, мәдениетке және технологияларға инвестиция салудың маңыздылығын баса айтты.

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов сайлау жай ғана дауыс беру емес, Қазақстанның болашағына таңдау жасаумен пара-пар. Партия қуатты өңір, қуатты ел құрғысы келеді. Еңбек адамын қолдап, жастарға білім беру, баспана мәселесін шешуді басшылыққа алып отыр. Партия ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты жойып, бірдей жағдай жасауды көздеп отыр.

Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов партия уақыт сынынан өткенін алға тартты. Олар әр бастамада адами капиталды басшылыққа алып отыр. ЖСДП алаяқтарға алданып, несие алғандардың мәселесін шешуге жәрдемдескен. Сайлауалды бағдарламалары ізгі қоғам құруды көздейді.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов еңбек адамын қолдау аса маңызды екенін айтты. Партия құрамында да мұндай тұлғалар баршылық дейді. Дәрігерлер мен мұғалімдер, ерекше балалардың аналары, дағдарыс орталығының өкілдерімен кездесулер өткізген. Олардың басым бөлігі Құрылтай сайлауына қатысатыны тілге тиек болды.