ШҚО-да ауыз су мәселесін шешу: Қасым Қайсенов кентіне жаңа су құбыры тартылады

Қасым Қайсенов кентінде 20 шақырымға жуық су желісі жаңғыртылып жатыр

ШҚО-да ауыз су мәселесін шешу: Қасым Қайсенов кентіне жаңа су құбыры тартылады
Фото: ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінде су құбыры желілерін қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Нысанның құрылысы 2024 жылғы қараша айында басталды. Жобаның негізгі мақсаты – кент тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және қолданыстағы сумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттыру, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жоба аясында «Өскемен Водоканал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Өскемен су жинау орнынан магистральдық су құбырын тарту көзделген. Қазіргі уақытта 13 шақырымға жуық магистральдық және 7 шақырымға жуық кентішілік су құбыры желілері төселді.

Сонымен қатар су жинау құрылыстары салынуда. Бүгінде жалпы сыйымдылығы 1 900 куб метр болатын екі таза су резервуарының құрылысы аяқталды. Екінші көтерілімдегі сорғы станциясының құрылысы жалғасуда.

«Құрылыс жұмысына 12 бірлік арнайы техника және 30 маман жұмылдырылған. Жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы орындауға ерекше назар аударылуда. Сонымен бірге құрылыс барысында бұзылған аумақтарды сапалы қалпына келтіру және абаттандыру мәселелері де бақылауда. Жобаны ағымдағы жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарының барысы тұрақты бақылауда», – делінген әкімдік хабарламасында.

Жобаның іске асырылуы Қасым Қайсенов кентінің тұрғындарын сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мақалада
#ШҚО #су құбыры