«Бөтелкеге отыруды мәжбүрлеген»: Лисаковскіде бозбалалар арасында адам шошырлық оқиға болды
Лисаковскіде екі 12 жастағы жасөспірім қатарласын ұзақ уақыт қорлап, қорқытып келген
Лисаковскіде 12 жастағы екі жасөспірім өз қатарласын ұзақ уақыт бойы қорлап, қудалап, қорқытып, темекі шегуге мәжбүрлеген. Сондай-ақ олар болған жағдайды видеоға түсірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі TobolInfo-ға сілтеме жасап.
Биыл көктемде Лисаковск қаласының кәмелетке толмаған тұрғынының әкесі полицияға арызданған. Ол ұлының ұзақ уақыт бойы қорлық көріп жүргенін айтқан. Тергеу барысында құқық қорғау органдары іс материалдарына сәйкес, бірнеше оқиғаның болғанын анықтаған. Жасөспірімдер қатарласын ұрып-соғатынын айтып қорқытып, төбелесуге мәжбүрлеген, темекі мен снюс қолдануға көндірген. Сондай-ақ болған жағдайды ешкімге айтпауын талап еткен.
Оқиғалардың ең ауырларының бірі 2025 жылғы қыркүйекте болған. Тергеу мәліметінше, екі жасөспірім баланы адам аз жүретін жерге апарып, қорқытып, оны қорлайтын әрекеттер жасауға мәжбүрлеген. Болған жайтты олардың бірі ұялы телефонына түсіріп алған.
18 маусымда жәбірленушінің айғақтары сотта бекітілді. Бала бұған дейін берген жауабын растап, кәмелетке толмағандардың тарапынан өзіне төнген қорқыту әрекеттері туралы айтып берген. Сонымен қатар тергеу барысында оқиға бейнеленген видео жазба тәркіленді.
Жасөспірімдерге қылмыстық жаза тағайындалмады
Алайда олардың жасына байланысты жасөспірімдерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін болмаған. Оқиға болған кезде екеуі де 12 жаста болған. ҚР Қылмыстық кодексінің 15-бабына сәйкес, 121-бапта көзделген қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады.
20 маусымда кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілік жасына толмауына байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылған. Осыдан кейін балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған ата-аналардың жауапкершілігі мәселесі көтерілді.
Ақырында кім жазаға тартылды?
10 шілдеде Лисаков қалалық соты жасөспірімдердің бірінің анасына қатысты істі қарады. Әйел өз кінәсін мойындамай, болған жағдайды биыл көктемде ғана білгенін айтқан. Сот тоқтатылған қылмыстық іс материалдарын зерделей келе, оны ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Әйелге 86 500 теңге, яғни 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Екінші жасөспірімнің анасына қатысты әкімшілік істі Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. 12 тамызда сот әкімшілік құқық бұзушылық құрамының белгілері болмағанын көрсетіп, істі тоқтатты.
Полиция мен жәбірленуші тарап істің тоқтатылуымен келіспеді
Полиция бұл шешіммен келіспеді. Жергілікті полиция бөлімінің бастығы Лисаков қаласының прокурорына жүгініп, істің тоқтатылуы негізсіз екенін көрсеткен. Полиция қылмыстық іс материалдарына, жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарына, сондай-ақ оқиға бейнеленген видеоға сілтеме жасаған.
Жәбірленуші тарап та сот шешіміне шағым түсірді. Адвокат Жаслан Қанапияновтың айтуынша, кәмелетке толмаған адамның жасына байланысты қылмыстық істің тоқтатылуы оқиғаның болғанын жоққа шығармайды.
Қазір екінші ата-анаға қатысты әкімшілік істің тоқтатылуының заңдылығы жөніндегі мәселе апелляциялық тәртіппен қаралу үстінде.