Семейде Ертіс өзеніне батып бара жатқан 8 жасар бүлдіршін құтқарылды (ВИДЕО)
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды
Семейде Ертістің қатты ағысына түсіп кеткен сегіз жасар бала аман-есен құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дзюдодан жаттықтырушы Тимур достары Санат және Мейрамбекпен бірге Өркеш ауылына жақын маңда өзен бойымен атпен келе жатқан. Сол кезде олар баланың көмек сұраған дауысын естіген. Ертістің ішінде сегіз жасар Костяны қатты ағыс жағадан алыстатып бара жатқанын көрген.
Алдымен Санат атпен балаға жетуге әрекет жасаған. Алайда өзеннің тереңдігі мен су астындағы қалың балдырлар оған кедергі келтірген.
Содан кейін Тимур ойланбастан суға түсіп, жүзіп барып балаға жеткен. Ол баланы судан алып шығып, жағаға жеткізген.
Бала аман-есен. Кейін Тимур болған жағдайды әлеуметтік желідегі парақшасында айтып берді.