Тереңдігі – 5 метр: Өскеменде бала ашық қалған құдыққа құлап кетті
Оқиға Прохладный ауданының Бажов көшесіндегі үйлердің бірінің артында болған
Өскеменде бала тереңдігі шамамен 5 метр болатын қараусыз қалған құдыққа құлап кеткен. Бұл туралы қалалық мәслихат депутаты Серік Оразғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Прохладный ауданының Бажов көшесіндегі үйлердің бірінің артында болған. Қауіпті шұңқыр тұрғындар жиі жүретін аумақтың маңында орналасқан.
«Прохладный ауданы тұрғындарымен кездесулердің бірінде Бажов көшесіндегі №343/3 үйдің үйге жауапты тұрғыны үйдің артында қараусыз қалған шұңқырға, дәлірек айтқанда, құдыққа назар аударды. Ол жерге бір қыз бала құлап кеткен, оны алып шыққан. Бұл шұңқыр балалар үшін белгілі бір қауіп төндірген», – деп жазды қалалық мәслихат депутаты Серік Оразғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Үйдің бірінші қабатында дәрігерлік амбулатория мен кітапхана орналасқан. Сондықтан бұл аумақта адам қарасы үзілмейді. Ал құдықтың тереңдігі шамамен 5 метрге жетеді.
Оқиғадан кейін қалалық қызмет өкілдері нысанды тексерді. Оразғалиевтің айтуынша, мәселе «Водоканал» басшылығымен талқыланып, 17 тамызда оқиға орнына №10 ЦТУ филиалының өкілдері мен аудан тұрғындарының қатысуымен комиссия барған.
«Біз «Водоканал» басшылығына хабарласып, комиссия құруды сұрадық. 17 тамызда №10 ЦТУ филиалының өкілдері мен тұрғындардың қатысуымен тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша құдықты темір тормен жауып, үстін топырақпен көму туралы шешім қабылданды», – деді Серік Оразғалиев.