ШҚО-да экс-сүйіктісін үш ай бойы аңдып, күні-түні маза бермеген ер адам ақыры сотталып тынды
Сотталушы әйелді аңдығанымен қоймай, оның көлігін де бүлдіріп тастаған
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны бұрын бірге тұрған әйелін үш ай бойы аңдып, мазасын алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот материалдарына сәйкес, ер адам бұрынғы әйеліне қайта-қайта қоңырау шалып, балағат сөздер мен қорқыту сипатындағы хабарламалар жіберген. Сонымен қатар оның көлігін бүлдірген.
Ер адамның әрекеті заңсыз аңду және мүлікті жоюмен қорқыту ретінде бағаланған. Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы оның екі эпизод бойынша да кінәсін толық дәлелдеді.
Соттың заңды күшіне енген үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115 және 115-1-баптарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 160 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Ол аумақтарды абаттандыру және тазалау жұмысына тартылатын болады.
Прокуратура органдары азаматтардың жеке басына қол сұғу және осыған ұқсас заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.