Нақты іс және жауапкершілік: «Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Павлодар облысындағы еңбек ұжымдарымен кездесті
Штабтың өңірдегі жұмысы Ertis Promenade алаңында өткен ауқымды «ӘДІЛЕТ EVENT» Open Air іс-шарасымен түйінделді. Оған 75 мыңнан астам адам қатысты
«Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы өңірлердегі жұмысын жалғастыруда. Павлодар облысында Құрылтай депутаттығына кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларының өкілдерімен және жастармен бірқатар ауқымды кездесу өткізді, деп жазады Azattyq Rýhy партияның ресми сайтына сілтеме жасап.
Штаб өкілдері алдымен Екібастұз қаласындағы «Богатырь-Көмір» ЖШС өндіріс алаңында көмір саласы жұмысшыларымен кездесті. Оның барысында өнеркәсіпті дамыту, өндіріс қуатын жаңғырту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік кепілдіктер және еңбек адамының рөлін арттыру мәселелері көтерілді. Бұл ретте, кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес, жұмысшылардың құқығын қорғау үшін кәсіпорындардың бәрінде еңбек қатынастарына цифрлық мониторинг жасалатынын жеткізді.
Өз кезегінде, Құрылтай депутаттығына кандидат Бағдат Мусин Қазақстанда, соның ішінде, Екібастұзда көмір қоры жеткілікті екенін айтып, одан электр қуатын өндіру мәселесіне тоқталды.
«Көмір өнеркәсібі – электр қуаты мен жылудың ғана емес, ол цифрлық болашағымыздың негізі. Егер көмірден электр қуатын өндіріп, оны сататын болсақ, бұл экономикаға қосымша серпін береді. Қазіргі жасанды интеллект дәуірінде цифрлық құралдар, цифрлық шешімдер, цифрлық сервистер электр қуатын қажет етеді. Осы орайда, Екібастұз қаласында Data Center деректерді өңдеу орталықтары алқабы салынады. Осылайша біз енді жай ғана көмір мен электр қуатын ғана емес, цифрлық сервистер мен жасанды интеллектіні экспорттаймыз», – деді Бағдат Мусин.

Бұдан кейін делегация осы қаладағы «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС алаңында энергетика саласының өкілдерімен жүздесіп, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және саланың кадрлық әлеуетін нығайту мәселелерін талқылады. Осы орайда, Құрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлы «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған мақсат-міндеттерді таныстырды.
«Әділет» партиясы әртүрлі саладағы білікті мамандарды тоғыстырып, сараптама жасай келе «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламасын әзірледі. Халық сенім білдірген жағдайда алдағы 5 жылда іске асырылатын нақты 7 мақсат бекітілді. 5 жылдан кейін осы мақсаттар бойынша партия да, оның әрбір мүшесі де сайлаушылар алдында есеп беруге дайын. Бұл – жай ұран емес, нақты міндеттер. Мәселен, алдағы 5 жылда 1 миллион жаңа сапалы жұмыс орны ашылады. Бұл – әлеуметтік кепілдіктері мен зейнетақы төлемдері қамтамасыз етілген толыққанды жұмыс орындары», – деді Рауан Кенжеханұлы.
Ал Павлодар қаласындағы Павлодар мұнай-химия зауытында өткен кездесуде Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрбек Матжани «Әділет» партиясы шикізатты тек экспорттап қана қоймай, терең өңдеп, дайын өнім шығару арқылы қосылған құнды арттыруды көздейтінін мәлімдеді.
«Мұнайды тек шикізат ретінде сатудың бір құны бар. Ал оны өңдеп, бензин мен дизель шығарудың құны – жоғары. Ал одан мұнай-химия өнімдерін – полимерлерді, химиялық компоненттерді және дайын өнімдер шығарудың қосылған құны одан да жоғары. Сондықтан сайлауалды бағдарламамыздағы негізгі экономикалық басымдықтардың бірі – шикізатты терең өңдеу. Бүгінде Қазақстанда мұнай өңдеу тереңдігі шамамен 89%-ды құрайды. Біз бағдарламамызда бұл көрсеткішті 94%-ға дейін көтеруді көздеп отырмыз», – деді Нұрбек Матжани.

«Қазақстан Алюминийі» АҚ еңбек ұжымымен кездесу барысында кандидаттар өндіріс саласын жаңғырту, еңбек қауіпсіздігі, кадр даярлау, қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, экологиялық жауапкершілік, сондай-ақ цифрлық және инновациялық шешімдерді енгізу мәселелеріне баса мән берді. Партия 2031 жылға қарай өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру берілген жұмыскерлер үлесін 90 пайызға жеткізуге мүдделі.
Жиын барысында Құрылтай депутаттығына кандидат Динара Зәкиева «Әділет» партиясының бағдарламасында әлеуметтік жүйеге, адами капиталға ерекше назар аударылғанын айтып, кезекте тұрған барлық баланы балабақшамен қамтамасыз ету мақсатында 79 мың жаңа орын ашылатынын және 300 мыңнан астам жаңа оқушы орнын құру үшін заманауи мектептер бой көтеретінін мәлімдеді.
Бұл ретте, Құрылтай депутаттығына кандидат Үнзила Шапақ «Әділет» партиясының басты бағыты Заң мен Тәртіп екенін алға тартты.
«Жаңа Конституциямыз – мемлекет пен азаматтардың арасындағы қоғамдық келісімшарт. Біздің мақсатымыз – азаматтар өзін қауіпсіз сезінетін әділетті қоғам құру. Әділдік пен қауіпсіздік тек жазалаумен өлшенбейді, бастысы – құқық бұзушылықтың алдын алу, бұзылған құқықты қалпына келтіру және жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету», – деді Үнзила Шапақ.

Осы күні кандидаттар Черноярка ауылында ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен жүздесіп, саланы дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, фермерлерге қолдау көрсету және ауылдық аумақтарды одан әрі дамыту мәселелеріне назар аударды. Құрылтай депутаттығына кандидат Шерзод Пулатов партия ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру ісіне баса мән беретінін атап өтті.
«Әділет» – цифрлық партия. Сондықтан біз цифрландыру үрдісінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге де жетуін қарастырып, Е-АӨК бағдарламасын іске қосуды көздеп отырмыз. Оның аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге «бір терезе» қағидаты арқылы мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігі беріледі», – деді Шерзод Пулатов.

Жастар мәселесіне де ерекше назар аударылды. Штаб өкілдері Павлодардың Орталық жағалауында Open Talk форматында жастармен және волонтерлермен кездесті. Онда Құрылтай депутаттығына кандидаттар Жарқынбек Амантайұлы мен Әсел Бәденова партия жастардың стартаптары мен қоғамға пайдалы, соның ішінде волонтерлік бастамаларды грант беріп қаржыландыру аясын кеңейтетінін жеткізді. Бұған қоса, еліміздегі 20 жоғары оқу орнының базасында зерттеу инфрақұрылымы мен технология трансфері қызметін атқаратын академиялық артықшылық орталықтарын құру жұмысы аяқталады.
Штабтың өңірдегі жұмысы Ertis Promenade алаңында өткен ауқымды «ӘДІЛЕТ EVENT» Open Air іс-шарасымен түйінделді. Оған 75 мыңнан астам адам қатысты.
Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram-арнамыздан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy