ЖСДП ерекше қажеттілігі бар жастарды 18 жастан кейін қолдау мәселесін қарады

Жиынға қатысқан ата-аналардың пікірінше, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдау балалық шақпен ғана шектелмеуі керек

ЖСДП ерекше қажеттілігі бар жастарды 18 жастан кейін қолдау мәселесін қарады
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Қостанай облысында ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршылар олардың 18 жасқа толғаннан кейінгі әлеуметтік жағдайына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуге қатысушылардың айтуынша, бала кәмелетке толғаннан кейін көптеген отбасы бұрын қолжетімді болған әлеуметтік қолдау шараларының қысқаруына байланысты қиындыққа тап болады. Атап айтқанда, оңалту, әлеуметтік бейімдеу және басқа да қолдау бағдарламаларының мүмкіндігі азайып, жас азаматтар мен олардың отбасылары бірқатар мәселемен бетпе-бет қалады.

Ата-аналардың пікірінше, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдау балалық шақпен ғана шектелмеуі керек. Кәмелетке толғаннан кейін де олардың қоғамға бейімделуіне, қажетті қызметтерді алуына және мүмкіндігінше дербес өмір сүруіне жағдай жасалуы қажет.

Бұл мәселе Қостанай облыстық ЖСДП филиалында өткен кездесуде де талқыланды. Жиынға партия филиалының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Дамир Жақанов қатысып, ата-аналар мен қамқоршылардың ұсыныстарын тыңдады.

Қатысушылар ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау жүйесі адамның 18 жасқа толуымен тоқтамауы керек деген пікір білдірді. Олардың айтуынша, әлеуметтік саясатта балалық кезеңнен кейінгі өмірді де қамтитын ұзақ мерзімді қолдау тетіктері қажет.

Кездесу қорытындысында тараптар әлеуметтік саладағы қажетті өзгерістерді талқылап, ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларын қолдау мәселелерін жүйелі түрде қарастырудың маңызын атап өтті.