Өндіріс адамдары мен Respublica: Көкшетауда ашық әңгіме өтті
Ұжым көкейкесті сұрақтарын жаударды
Respublica партиясының сайлауалды сапары аясында Көкшетаудағы штаб «Новопэк» ЖШС-не барып, еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл — ЕАЭО елдеріне полимер қаптамаларын шығаратын, өңірдегі ірі өндіріс орындарының бірі.
Зауытта 800-ден астам адам еңбек етеді. Мұндағы өнім химия, ауыл шаруашылығы, цемент өндірісі секілді маңызды салаларда қолданылады. Өндіріс заманауи технологиялармен жабдықталған.
Кездесу жай ғана есеп беру емес, ашық әңгіме түрінде өтті. Айтуар Қошмамбетов модераторлық жасап, Мәжілістегі Respublica фракциясының үш жыл ішінде атқарған жұмысына тоқталды. Нұргүл Тау, Екатерина Смолякова, Айдос Доскалиев және Жалынбек Жайнарбай да сөз алып, өз бағыттарындағы жұмыстарды таныстырды.
Жұмысшылар да көкейде жүрген мәселелерін бүкпесіз айтты. Әйелдердің зейнетке шығу жасы, зейнетақы жинағын пайдалану талаптары, қызметкерлерді баспанамен қамту сияқты әлеуметтік мәселелер ортаға салынды. Кандидаттарға сұрақ көп қойылып, әңгіме ашық әрі нақты өрбіді.
Кездесуде көтерілген мәселелердің бәрі бір күнде шешіле салмайды. Бірақ мәселенің басын ашық айтып, шешімін бірге іздеу — алғашқы қадам.