Көкшетауда Respublica жақтастарының форумы өтті
Партия әсерлі оқиғаларды тыңдады
Ақмола облысының орталығында Respublica партиясының сайлауалды штабы белсенділермен, партия жақтастарымен, ReWomen және ReJastary қауымдастықтарының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Форумда партия төрағасының орынбасары Олжас Күспеков, Нұргүл Тау, Екатерина Смолякова, Айтуар Қошмамбетов, Динара Наумова және басқа да партия өкілдері сөз сөйледі.
Партия төрағасының орынбасары Олжас Күспеков Мәжілістегі фракция жұмысының нақты нәтижелерін атап өтті. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы техникасына 6 пайыздық жеңілдетілген лизинг, ымдау тіліне ресми мәртебе беру, вейпке тыйым салу, букмекерлік кеңселер жарнамасына қатысты шектеулер және басқа да бастамалар бар.
Бұл партия өкілдерінің ел өңірлерін аралап, халықпен кездесулерде көтерген мәселелерінің бір бөлігі ғана.Форумның ең әсерлі сәттерінің бірі паралимпиада жүлдегері, Құрылтай депутаттығына кандидат Еркін Ғаббасовтың сөзі болды.
2007 жылы өндірістегі жазатайым оқиғадан ауыр жарақат алған Еркінге дәрігерлердің өзі үлкен үміт артпаған. Бірақ ол берілмеді. Өмірге қайта оралып, параспортпен айналыса бастады. Ал 2024 жылы Парижде өткен Паралимпиада ойындарында оқ атудан күміс медаль жеңіп алды.
«Ең үлкен жеңіс қарсыласты емес, өзіңді, өз күмәніңді жеңу. Біздің партия — батыл шешімдер партиясы. Ештеңеден қорықпаңыздар. Алға жүріп, ең биік, ең батыл мақсаттарға бірге жетейік», - деді ол залда отырғандарға.
Еркіннің сөзі форумның негізгі ойымен үндесті: жағдайға қарап қол қусырып отыру емес, қиындыққа қарамай әрекет ету. Кейде ең үлкен жеңіс — өзіңе «қолымнан келеді» деп дәлелдей білу.