Ақтөбеде түнгі клубтан есірткі, кастет, бірнеше бәкі табылды
Түнгі клубта жасөспірімдердің жүргені де анықталды
Ақтөбеде прокурорлар мен полиция қызметкерлері түнгі клубтардың бірінде тексеріс жүргізіп, нәтижесінде бірқатар заң бұзушылық анықталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ерлер әжетханасында есірткі тектес зат оралған үш орам табылды. Сол сияқты ғимаратты тексеру барысында металл кастет пен екі жиналмалы пышақ табылған. Тіпті тәртіп сақшылары бар ішінен төрт кальянды да анықтады.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында түнгі клубта 2009 жылы дүниеге келген жасөспірім болған.
«Анықталған фактілер бойынша ойын-сауық орнының әкімшілігіне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабы – кәмелетке толмаған адамның түнгі уақытта ойын-сауық орнында болуына жол бергені үшін, 441-бабының 1-бөлігі - темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылатын темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін, сондай-ақ 200-бабының 1-бөлігі алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды», – деп хабарлады Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тексеру барысында түнгі клубтың күзетшілерімен тиісті еңбек шарты жасалмағаны анықталды. Жалпы полиция бөліміне 17 адам жеткізілген.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға, тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы бар тұлғаларды анықтауға, сондай-ақ ықтимал қылмыстық әрекеттерді құжаттауға бағытталған қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.