Қазақстанда халықаралық олимпиадаларда орын алған оқушыларға 6,5 млн теңгеге дейін сыйақы берілуі мүмкін
Халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне 1500 АЕК-ке дейін біржолғы сыйақы берілуі мүмкін
Қазақстанда халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алған оқушыларға 1500 АЕК-ке дейін біржолғы сыйақы берілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Олимпиада жеңімпаздарына алған медалінің деңгейіне қарай 500-ден 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін біржолғы сыйақы белгіленген. Алтын медаль үшін – 1500 АЕК-ке дейін, күміс медаль үшін – 1000 АЕК-ке дейін, қола медаль үшін – 500 АЕК-ке дейін. Бұл қолдаудың маңыздылығы мемлекет басшысының дарынды жастарға айрықша көңіл бөлуінен де көрінеді. Оқушыларымыздың халықаралық зияткерлік жарыстардағы нәтижелері – жүйелі қолдаудың нақты көрінісі», – деді Сүлейменова Үкімет отырысында.
Айта кетейік, 2026 жылы 1500 АЕК – 6 487 500 теңге, 1000 АЕК – 4 325 000 теңге, ал 500 АЕК – 2 162 500 теңге.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, 2025-2026 оқу жылында қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 1059 медаль және 57 арнайы марапат жеңіп алған.
«2023-2024 оқу жылында қазақстандық оқушылар 563 медаль иеленсе, 2024-2025 оқу жылында бұл көрсеткіш 541 болды. Ал 2025-2026 оқу жылында оқушыларымыз 1059 медаль жеңіп алды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда жүлделер санының 96 пайызға артқанын көрсетеді. Қазақстан құрамасы робототехникадан төрт дүркін әлем чемпионы атанды, химиядан халықаралық олимпиаданың үш дүркін чемпионы болды. Ал физикадан абсолютті чемпион атанды», – деді Сүлейменова.
Министр Қазақстан құрамасының физикадан халықаралық олимпиададағы нәтижесіне де ерекше тоқталды.
«Биылғы ең маңызды жетістіктердің бірі – Колумбияда өткен физикадан 56-шы халықаралық олимпиададағы тарихи жеңіс. Қазақстан құрамасының барлық бес мүшесі алтын медаль иеленіп, еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді», – деп атап өтті министр.