Қарағандыда «Байтақ» кандидаты мұғалімдермен кездесті

Жиынға қаланың 96 мектебінен 650-ге жуық мұғалім қатысты

Қарағандыда «Байтақ» кандидаты мұғалімдермен кездесті
Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

«Байтақ» жасылдар партиясы атынан Құрылтай сайлауына түскен үміткер Айгүл Абдуалиева Қарағандыға жол тартты. Ол қаладағы №62 мектепке барып, педагогтермен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиынға қаланың 96 мектебінен 650-ге жуық мұғалім қатысты. Ұстаздар алдында кандидат жасылдар партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, мақсат-міндетін жан-жақты түсіндірді. Экология, халық денсаулығы, экологиялық білім беру, тұрақты даму мәселелеріне тоқталған ол бұл істе мектептегі тәрбиенің берері зор деді.

Педагогтер де тартынып қалмады. Өздерін толғандырған түрлі түйткілді ортаға салды. Диалог форматында өткен шарада партия өкілдері мен мұғалімдер маңызды мәселелер бойынша ой бөлісіп, пікір алмасты.

Айгүл Абдуалиева мұндай кездесулердің маңызын атап өтіп, қоғамның әр саласы өкілдерінің ұсыныстары партияның алдағы жұмысына серпін береді деді.