Өскеменде ер адам ұялы телефонды көрмек болып сатушыдан алған бойда қашып кеткен (ВИДЕО)
Қазір осыған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр
Өскеменде полицейлер сауда дүңгіршегінен ұялы телефон ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға қаладағы базарлардың бірінде болған. Полицияның мәліметінше, ер адам дүңгіршекке кіріп, өзін сатып алушы ретінде таныстырып, сатушыдан ұялы телефонды көрсетуді сұраған. Телефонды қолына алған соң, оны алып қашып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 30 мың теңге деп бағаланды.
Патрульдік полиция қызметкерлері ШҚО ПД Жедел басқару орталығының инспекторларымен бірлесіп, күдіктінің жеке басы мен жүрген жерін жедел анықтаған. Ол Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты.
Ұрланған телефон тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.