Астананың іргесінде мас жасөспірімдер қыздарды орманға алып кетпек болған
Оқиға Талапкер ауылында болды
Ақмола облысының Целиноград ауданында мас күйдегі жасөспірімдер қыздарды орманға алып кетпек болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Талапкер ауылында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларын тексеру кезінде бір топ кәмелетке толмаған баланы байқап қалған.
Құқық қорғаушылардың анықтауынша, жасөспірімдер басқа елді мекеннен келген және мас күйде болған. Олар жергілікті жасөспірім қыздармен танысып, кейін қыздарды орманға қарай алып кетуге әрекет жасаған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жеткен. Құқық қорғаушыларды көрген жасөспірімдер қашуға тырысқанымен, көп ұзамай барлығы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Ақмола облысының полиция департаменті мәліметінше, оқиға «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталған.
«Талапкер ауылында бейнебақылау камераларын мониторингтеу барысында полицияның №18 учаскелік пунктінің қызметкерлері қала жақтан келген бір топ кәмелетке толмаған баланы анықтады. Жасөспірімдердің барлығы алкогольдік ішімдік ішкен күйде болған. Бұдан кейін олар қыздарды орманға алып кетуге әрекет жасаған. Бұл жағдай кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіріп, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін еді. Полиция қызметкерлері жағдайды тоқтатуға әрекет жасаған кезде жасөспірімдер жан-жаққа қашып кеткен. Алайда барлығы анықталып, ұсталды. Тексеру қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың алкогольдік ішімдік ішуі, ұсақ бұзақылық жасау, сондай-ақ ата-аналардың балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамауы бойынша шаралар қабылданды», – деп хабарлады полиция.
Тексеру нәтижесінде жасөспірімдердің ата-аналары да балаларды тәрбиелеу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.