Қарағанды облысында 13 жаңа мектеп салынды: тағы 200-ге жуық білім нысаны жөнделеді
Жаңа оқу жылында Қарағанды облысының оқушыларын қандай жаңалықтар күтеді
Қарағанды облысында 13 жаңа мектеп салынды. Оның 10-ы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Жаңа оқу орындары оқушылар санының артуы ескеріліп, қосымша білім беру орындарына деген қажеттілікті өтеуге бағытталған. Мектеп инфрақұрылымын дамыту мәселелері Қарағандыда өткен «Жаңа Халық Конституциясының нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты тамыз конференциясында талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, конференция жұмысына Оқу-ағарту министрлігінің, өңірлік білім басқармасының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысуда. Конференция жұмысына офлайн және онлайн форматта барлығы 10 мыңнан астам адам қосылды.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, «сапалы білім – әлемдегі озық, өркениетті әрі бәсекеге қабілетті ел болудың кепілі». Осы тұрғыдан алғанда, адами капиталды дамыту мемлекеттің басты басымдықтарының бірі ретінде айқындалған Конституцияның жаңа нормаларына назар аударуымыз қажет. Облыс бюджетінің шамамен жартысы білім беру саласына бағытталады. Бұл жай ғана шығын емес, болашаққа салынған инвестиция. Біздің міндетіміз – өңірдің өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне жауап беретін заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыру. Оқушылар санының артуына қарамастан, білім беру ұйымдарына түсетін жүктемені кезең-кезеңімен азайтып келеміз», – деді тамыз кеңесін ашқан Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Биыл білім берудің 200-ге жуық нысанын жөндеуге 15 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Облыс әкімінің айтуынша, бұл қаражат білім беру ортасының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталуы тиіс.
Өңірде мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жалғасуда. Оқу кабинеттері робототехника, STEM, химия және физика бағыттарына арналған заманауи жабдықтармен жарақтандырылуда. Ауылдардағы тірек және магниттік мектептерге ерекше көңіл бөлінеді. Негізгі мақсат – ауыл балаларының қаладағы құрдастарымен бірдей бастапқы мүмкіндіктерге ие болуын қамтамасыз ету.
Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер желісін дамыту да білім беру саясатының маңызды бағыттарының бірі болып отыр.
«Адал азамат» тұжырымдамасы аясындағы тәрбие жұмысы да білім беру саясатының ажырамас бөлігі ретінде жалғасуда. Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқықтық сауаттылығын арттыруға, буллинг пен аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар күшейтілді. Оның нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық деңгейі негізгі көрсеткіштердің барлығы бойынша төмендеді.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау елдің дамуындағы маңызды кезеңдердің біріне айналып, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудің жаңа бағыттарын айқындады. Негізгі заңда баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға айрықша басымдық берілген.
«Бала конституциялық құндылықтардың ең маңыздыларының бірі ретінде танылады. Оның құқықтары мен мүдделерін қорғау – бүкіл мемлекеттің ортақ міндеті. Мемлекет кез келген шешімді қабылдағанда баланың мүддесін басшылыққа алуы қажет. Сондықтан баланың өз құқықтарын ғана біліп қоймай, міндеттері мен жауапкершілігін де түсінуі, сондай-ақ құқықтары мен бостандықтары бұзылған жағдайда қайда және қалай жүгіну керектігін білуі аса маңызды», – деді Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Айжан Жатқанбаева.
Сонымен қатар оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға және білімге ұмтылысын қалыптастыруға айрықша мән берілуде.
Өткен жылдан бастап облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес педагог кадрлардың резервін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Дәстүр бойынша тамыз конференциясында білім беру саласына елеулі үлес қосқан үздік педагогтер ведомстволық наградалармен және төсбелгілермен марапатталды.
Ұзақ жылғы еңбегі мен білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Осакаров ауданындағы Абай атындағы тірек мектебінің (ресурстық орталық) мұғалімі Елена Васильевна Присяжнюк «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталды.
«Еңбегімнің еленіп, лайықты бағаланғаны қуантады. Мен 38 жылдан бері орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келемін. Жұмыста қажып кетпеу үшін, ең алдымен, өз мамандығыңды және балаларды жақсы көру керек шығар. Сонымен қатар үнемі өз біліміңді жетілдіріп отыру қажет. Адам әрдайым дамуға ұмтылуы тиіс», – деп өз ойымен бөлісті Елена Васильевна.
Конференция өтіп жатқан академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің бас корпусындағы холлда инновациялық білім беру жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. Көрме экспозициясына заманауи цифрлық және IT әзірлемелер, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының инновациялық жобалары, сондай-ақ инклюзивті білім беру мен тәрбие жұмысына арналған озық шешімдер ұсынылды.