БҰҰ маңызын жоғалтып барады – МАГАТЭ басшысы
Ол ұйым жұмысына көңілі толмайтынын айтты
БҰҰ халықаралық дағдарыстарды шеше алмауына байланысты біртіндеп өліп бара жатыр. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси бұл жайлы Financial Times газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен жойылып кетудің тікелей қаупін көріп тұрған жоқпын. Мен бұл процесті баяу өлімге көбірек ұқсатамын. БҰҰ соңғы дағдарыстарды немесе мемлекетаралық соғыстарды реттеуге айтарлықтай үлес қоса алмай, өз маңызын біртіндеп жоғалтып барады», - деп түсіндірді ол.
Гросси ұйымның «назар аударуы тиіс деп есептелген» басқа салалардағы мардымсыз нәтижелеріне көңілі толмайтынын атап өтті. Ол мұндай салаларға әлеуметтік бағдарламалар мен климаттың өзгеруіне қарсы күресті жатқызды.
Ұйымның қазіргі басшысы Антониу Гутерриштің өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін Рафаэль Гросси БҰҰ Бас хатшысы лауазымына келуі мүмкін.