Respublica «УральскАгроРеммаш» ұжымымен өндірісті дамыту мәселелерін талқылады

Республикалық сайлауалды штабының мүшелері «УральскАгроРеммаш» АҚ-да болды

Respublica «УральскАгроРеммаш» ұжымымен өндірісті дамыту мәселелерін талқылады
Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Respublica республикалық сайлауалды штабының мүшелері Батыс Қазақстандағы ең көне кәсіпорындардың бірі – 70 жылдан астам тарихы бар «УральскАгроРеммаш» АҚ-ға барды. Кәсіпорын өрт сөндіру, арнайы және ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруге маманданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Махамбет Амангелді, Айдос Досқалиев және Ерболат Мұхамеджан кәсіпорын ұжымымен кездесіп, өндірісті қолдау, салық реформасы, отандық өндірушілерді қорғау және кадр саясаты мәселелерін талқылады.

Өнеркәсіпті дамыту мен әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне Құрылтай депутаттығына кандидат Айдос Досқалиев тоқталды. Ол – нейрохирург, PhD докторы, Ұлттық нейрохирургия орталығының стратегия және ғылым жөніндегі директоры. Оның айтуынша, әрбір кәсіпорынның артында нақты адамдар, олардың отбасылары мен болашағы тұр.

Құрылтай депутаттығына кандидат, Respublica партиясының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Махамбет Амангелді кадр тапшылығы мен басқару сапасына назар аударды.

«Нақты сектор экономикасы оны кәсіби мамандар басқарған кезде ғана дамиды. Бизнестің мәнін түсінбейтін адам тиімді шешім қабылдай алмайды. Біз – кәсіпкерлер партиясы. Біз нақты сектордың мәселелерін іштен білеміз. Адал еңбек пен таза ниет әрқашан нәтижеге жеткізеді. Біз қабылдайтын заңдар 20 миллион адамның өміріне әсер етеді. Сондықтан мұнда қателесуге болмайды. Жағдайды өзгерту үшін бізге сіздердің қолдауларыңыз қажет», – деді ол.

Партия өндірісті дамыту, отандық кәсіпкерлерді қолдау және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарды өңірлерде жинап, оларды нақты заңнамалық шешімдерге айналдыруды жалғастырады.