«Байтақ» жасылдар партиясы сушылармен кездесті
Олар су тазарту мәселесін талқылады
«Байтақ» жасылдар партиясының Ақтөбе облыстық филиалы сарқынды суды тазартудың заманауи технологиялары және суды қайта пайдалану мәселесіне арналған дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиынға мемлекеттік органдардың, бизнес пен өнеркәсіп өкілдері, сондай-ақ экологиялық қоғамдастық мүшелері қатысты. Тараптар табиғи су ресурстарына түсетін жүктемені азайту және тазартылған суды шаруашылық пен өндірістік айналымға қайта енгізу жолдарын талқылады.
Кездесуде сарқынды суды тазартудың заманауи технологиялары таныстырылып, оны Ақтөбе өңірінде қолдану мүмкіндігі мен өзара ынтымақтастық мәселесі пысықталды.
Қатысушылар суды «пайдалану – ластау – тазарту – төгу» қағидатынан «пайдалану – тазарту – қайта пайдалану» моделіне көшу қажеттігін атап өтті. Бұл бағыт өңірдің су ресурстарын тиімді басқару және тұрақты дамуы үшін маңызды екені айтылды.