Павлодардағы супермаркетке азық-түлік құны көрсетілмегегені үшін ірі көлемде айыппұл салынды

Павлодар облысында бағасы көрсетілмегені үшін 25 кәсіпкерлік субъектісі жауапқа тартылған

Павлодардағы супермаркетке азық-түлік құны көрсетілмегегені үшін ірі көлемде айыппұл салынды
Фото: freepik.com

Кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Pavon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Павлодар облысында бағасы көрсетілмегені үшін 25 кәсіпкерлік субъектісі жауапқа тартылған.

«Осындай жағдайлардың бірі Павлодар тұрғынының департаментке жолдаған өтінішінен кейін анықталды. Тұтынушының айтуынша, Павлодардағы ірі супермаркеттердің бірінде бірнеше тауардың бағасы көрсетілмеген. Тұрғынның өтініші негізінде департамент жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде құқық бұзушылықтың бұған дейін салынған әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанғаны анықталды. Осыған байланысты ірі кәсіпкерлік субъектісі ҚР ӘҚБтК-нің 193-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», – деп хабарлады мемлекеттік орган.

Егер дүкенде тауардың бағасы көрсетілмесе, тұтынушы құқық бұзушылықты тіркеп, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады. Ол үшін баға көрсеткішінің жоқ екенін немесе дұрыс рәсімделмегенін растайтын фотосуреттерді, кассалық чекті және құқық бұзушылық жағдайын растайтын басқа да құжаттарды қоса беру қажет.