Шымкентте туа бітті ақауы бар нәрестеге күрделі ота жасалды
Сәбидің туғанына небәрі екі апта уақыт болған
Нәрестенің туғанына небәрі 14 күн болған. Алайда өмірінің алғашқы апталарында оған күрделі ота жасауға тура келді. Дәрігерлер хирургиялық жолмен баланың денсаулығына қауіп төндірген туа біткен патологияны жойды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ота барысында кіндік тұсынан шағын тілік жасалып, қажетсіз эмбрионалдық өзек – қуықты кіндікпен жалғайтын урахус алынып тасталды. Мамандар мұндай операция кезінде тіліктің көлемі мен орналасуына ерекше мән берілетінін атап өтті. Бұл операциядан кейінгі тыртықтың барынша байқалмауына мүмкіндік береді.
Үш күн бойы ҚР ДСМ штаттан тыс бас неонаталдық хирургі Асылжан Ерекешов өңір дәрігерлерімен бірлесіп жұмыс істейді.
«Біз облыстық балалар ауруханасында үш күн боламыз. Одан кейін перинаталдық орталықтарға барып, тәжірибе алмасып, практикалық көмек көрсетеміз», – деді ол.
Бұл – Түркістан облыстық балалар ауруханасында өтіп жатқан шеберлік сабақтары сериясының бір ғана кезеңі. Елдің жетекші неонаталдық хирургі жергілікті мамандармен бірге бірнеше жаңа туған нәрестеге ота жасап, күрделі жағдайдағы науқастарды емдеу әдістерін көрсетті.