Астанада тұратын соңғы майдангер Рзағұл Байкешев 103 жасында өмірден өтті

Ол Польша мен Венгрияны азат етуге қатысып, Жеңісті Берлинде қарсы алды

Астанада тұратын соңғы майдангер Рзағұл Байкешев 103 жасында өмірден өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі

Астанада тұратын Ұлы Отан соғысының қатысушысы, майдангер Рзағұл Байкешев 103 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Майдангердің отбасына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі атынан көңіл айтуды Астана қаласы Алматы ауданының қорғаныс істері басқармасының бастығы подполковник Серік Қасенов жеткізді. Іс-шара Құрмет қарауыл ротасы мен Әскери оркестрдің қатысуымен өтті. Ардагерді ақтық сапарға шығарып салу барысында жаназа намазы оқылды», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Айта кетейік, Рзағұл Байкешев 1923 жылы 18 қазанда Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Кеңес әскері құрамында Ржев түбіндегі шайқастарға, Великолукск шабуыл операциясына, Польша мен Венгрияны азат етуге қатысып, Жеңісті Берлинде қарсы алды.

Рзағұл Байкешевтің ерлігі мен батылдығы Отан соғысы ордендерінің I және II дәрежелерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттік наградалармен атап өтілді.

Рзағұл Байкешевтің соңғы сапары Ақмола облысының Қабанбай батыр ауылында (бұрынғы Рождественка) өтті. Ардагер осы жерде ұзақ жылдар бойы совхозда экспедитор болып еңбек еткен. Жеңіс сарбазының құрметіне салют командасы қарудан үш дүркін салют атты.

Майдангердің ерлігі мен өнегелі өмір жолы жайлы жарқын естелік тарихта және ұрпақ жүрегінде мәңгі сақталады.