Вейп саудасы тоқтар емес: Қазақстанда 3,2 млрд теңгенің күмәнді операциясы анықталды

Қарағанды облысында Telegram-да вейп сататын интернет-дүкен ұйымдастырған адамдар 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды

Вейп саудасы тоқтар емес: Қазақстанда 3,2 млрд теңгенің күмәнді операциясы анықталды
Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Қазақстанда электронды тұтыну жүйелерінің айналымына тыйым салынғанына қарамастан, оларды заңсыз әкеліп, сатуға қатысты деректер анықталып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ең алаңдатарлығы – тыйым салынған өнімнің негізгі тұтынушылары жастар мен кәмелетке толмағандар. Бұл никотинге тәуелділіктің таралуына ықпал етіп, өскелең ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіреді.

«Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз сауданың 25 дерегін тоқтатты. Қазір 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесі тәркіленді. 18 адамға қатысты 14 қылмыстық іс сотқа жолданды. Астанадағы департамент вейптердің заңсыз айналымын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін тергеп жатыр. Өнімдерді сақтау үшін жалға алынған қоймалар мен кеңселер пайдаланылған. Сауда интернет-дүкендер, сондай-ақ Telegram, WhatsApp және Zangi мессенджерлері арқылы жүргізілген», – делінген ҚМА хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, із жасыру үшін жеке кәсіпкердің банк шоттары қолданылған. Ал сатып алушыларға «тұрмыстық техника сатып алдық» деп айту ұсынылған. Бұл шоттар арқылы өткен ақша көлемі 3,2 млрд теңгеден асқан.

Қарағанды облысында Telegram-да вейп сататын интернет-дүкен ұйымдастырған адамдар 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Олар төрт қойманы, интернет-дүкен операторларын және курьерлерді пайдаланып, заңсыз схема құрған. Тінту кезінде құны 340 млн теңге болатын шамамен 30 мың электронды тұтыну жүйесі тәркіленді.

Ұлытау облысында вейптерді «дропперлер» арқылы заңсыз сатуды ұйымдастырған екі жергілікті тұрғынға айыптау үкімі шықты. Ақшаны алу және аудару үшін олар курьердің атына рәсімделген банк шотын пайдаланған. Сот әрқайсысына төрт жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, қылмыстық жолмен түскен табысты тәркілеуге шешім шығарды.

«Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді: электронды тұтыну жүйелерін заңсыз әкелу, сақтау, тасымалдау және сату, сондай-ақ мұндай әрекеттен түскен табысты заңдастыру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінде.