«Ауыл» партиясының төрағасы Түркістан тұрғындарымен кездесті
Жиын барысында Түркістан тұрғындары партия төрағасы мен кандидаттарға өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақ қойып, ұсыныстарын жеткізді
Түркістан қаласында ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидаттардың сайлауалды науқаны аясында «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов тұрғындармен кездесті. Жиынға партия атынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Жигули Дайрабаев, Төрегелді Қалмұратов, Айбек Қуатбаев, Айнұр Идрисова, Сейтжаппар Каримбаев, Гүлнар Тастанбекова және Бейімбет Сүйін қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары, өңірлерді дамыту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері талқыланды.
Қайрат Айтуғанов партияның басты мақсаты азаматтардың күнделікті өміріне оң әсер ететін нақты шешімдер ұсыну екенін атап өтті. Оның айтуынша, жұмыспен қамту, халықтың табысы, білім беру, инфрақұрылым, азық-түлік қауіпсіздігі, кәсіпкерлік пен әлеуметтік саясат бір-бірімен тығыз байланысты.
«Мықты өңір дегеніміз – ең алдымен адам мен оның отбасы өз болашағына сеніммен қарайтын орта. Сондықтан экономикалық даму халықтың тұрмыс сапасын жақсартумен қатар жүруі керек», – деді партия төрағасы.
Құрылтай депутаттығына кандидат Жигули Дайрабаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық өндірісті дамыту және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мәселелеріне тоқталды. Ал Айбек Қуатбаев адами капиталды дамыту, сапалы білім беру және жастардың заманауи дағдыларды меңгеруінің маңызын атап өтті.
Жиын барысында Түркістан тұрғындары партия төрағасы мен кандидаттарға өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақ қойып, ұсыныстарын жеткізді. Талқылауда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, білім беру, инфрақұрылым, кәсіпкерлік және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау мәселелері қамтылды.