Ақтау – Маңғышлақ жолында жантүршігерлік жол апаты: үш көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты

Қайғылы жол апаты 11 тамызда болған

Ақтау – Маңғышлақ жолында жантүршігерлік жол апаты: үш көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты
Фото: Lada.kz

Ақтау – Маңғышлақ автожолында үш көлік соқтығысып, жол-көлік оқиғасынан бір адам қаза тапты. Тағы бес адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Жол апаты 11 тамызда болған. Полицияның алдын ала мәліметінше, Toyota Sequoia көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Lada Granta және Toyota Camry көліктерімен соқтығысқан.

Toyota Camry көлігін жүргізген 23 жастағы жүргізуші оқиға орнында көз жұмды.

Тағы бес адам Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер зардап шеккендерден бас-ми жарақатын, іш қуысының ашық жарақатын, кеуде қуысының жарақатын және дененің өзге де бөліктерінен жарақаттар анықтаған.

Үш адам травматология, хирургия және нейрохирургия бөлімдеріне жатқызылды. Қалған екеуі медициналық тексеруден өткен соң амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді.

«Қазір дәрігерлер науқастардың жағдайын бағалап, қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр», – деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.

Жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Үш көлік те арнайы айып тұрағына қойылды.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, қауіпті маневрлер жасамауға және жол жағдайына қарай жылдамдықты дұрыс таңдауға шақырды.