«Байтақ» партиясы қоғамдық қабылдауды ерекше форматта өткізді

Оған ШҚО тұрғындары қатысты

«Байтақ» партиясы қоғамдық қабылдауды ерекше форматта өткізді
Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

«Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Алмаз Джакишев Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл жолы қоғамдық қабылдау жаңа форматта ұйымдастырылды. Кездесу қаладағы сауда үйлерінің бірінің алдындағы ашық алаңда өтіп, оған 150-ге жуық адам қатысты. Жұрт түрлі мәселе көтерді, олардың дені экология мен әлеуметтік түйткілдер: ауыз су сапасы, елді мекендерді абаттандыру, қоршаған ортаның жай-күйі. Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасы да таныстырылды.

Бұдан кейін кандидат Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кенті мен Айыртау ауылына барып, жергілікті халықпен жүздесті. Мұнда да экология, сумен қамту, көгалдандыру және елді мекендердің жағдайына қатысты түйткілдер көтерілді.

Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдаған Алмаз Джакишев айтылған мәселелер партияның алдағы жұмысында ескерілетінін атап өтті.