ЖСДП өкілі Маңғыстаудағы мемлекеттік гранттың игерілуін тексеру жұмысына қатысты
Тексеру нәтижесінде 20-дан астам кәсіпкердің грант шарттарын толық орындамағаны белгілі болды
ЖСДП өкілдері 5 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік грант алған кәсіпкерлердің жұмысын тексеруге арналған комиссия отырысына қатысты. Жиынға ЖСДП Алматы облыстық филиалының төрағасы Сәкен Мыңбаев та барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Комиссия отырысында грант қаражатын пайдалану талаптарының орындалуы қаралды. Тексеру нәтижесінде 20-дан астам кәсіпкердің грант шарттарын толық орындамағаны белгілі болды. Атап айтқанда, кейбір грант иегерлері 60 күн ішінде жобаға өз қаражатынан қосылуы тиіс 20 пайыздық үлесті толық игермеген. Бұдан бөлек, бизнес-жоспарда көзделген жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі міндеттемелерін орындамаған кәсіпкерлер бар.
Комиссия жұмысы барысында грант қаражатын несие өтеуге жұмсау, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметін тоқтатып, жеке кәсіпкерлігін жабу фактілері де белгілі болды. Осыған байланысты талаптарды орындамаған бірқатар кәсіпкерге алған 5 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік грантты бюджетке қайтару ұсынылды. Заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданады.
ЖСДП мемлекеттік қолдау шараларына бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын бақылау маңызды екенін атап өтті. Комиссияның тексеру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.