ЖСДП кандидаты Баймолдин ауылындағы тұрғындардың мәселелерін тыңдады
Тұрғындар көтерген негізгі мәселелердің бірі – Баймолдин ауылы мен аудан орталығы Аққулы арасындағы жолдың жағдайы
Павлодар облысы Аққулы ауданының Баймолдин ауылында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына ЖСДП атынан кандидат Роза Жүсіпова жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ауыл халқы күнделікті өмірде кездесіп отырған мәселелерін айтып, өз ұсыныстарын ортаға салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тұрғындар көтерген негізгі мәселелердің бірі – Баймолдин ауылы мен аудан орталығы Аққулы арасындағы жолдың жағдайы. Ауылға қатынайтын жолға ірі қиыршық тас төселгендіктен, көлік қозғалысы қиындаған. Әсіресе күзгі-қысқы кезеңде аудан орталығына жету тұрғындарға айтарлықтай қиындық туғызатыны айтылды.
Жиында медициналық көмектің қолжетімділігі де сөз болды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қажетті медициналық қызметтерді уақытылы алу үшін аудан орталығына баруға тура келеді.
Роза Жүсіпова тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, көтерілген мәселелерді алдағы жұмысында ескеретінін жеткізді. Кандидаттың айтуынша, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымы мен әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелерді депутаттық деңгейде көтеру маңызды.