Қазақстанда ПЭТ/КТ зерттеуін күту мерзімі 14 күнге дейін қысқарды
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді
Қазақстанда жоғары технологиялық диагностикалық тексерулерден өту жеделдеді. 2026 жылдың алғашқы жеті айында Бірыңғай республикалық үйлестіру орталығы арқылы ПЭТ/КТ зерттеуіне 26,8 мыңнан астам жолдама расталған. Қазір пациенттердің бұл зерттеуден өтуін күту мерзімі орта есеппен 14 күнге дейін қысқарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл өзгеріс ең алдымен қажетті тексеруден ұзақ күтпей өтуге мүмкіндік береді. Зерттеуге жазылу жүйесі орталықтандырылғандықтан, пациент медициналық ұйымдарды өзі іздеп, қай жерде бос орын барын анықтап, бірнеше жерге хабарласудың қажеті жоқ. Жүйе елдегі медициналық ұйымдардағы қолжетімді орындарды көрсетіп, зерттеуден қысқа мерзімде өтуге болатын жерге пациентті бағыттауға мүмкіндік береді.
Бірыңғай республикалық үйлестіру орталығы «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни дәрігерден ПЭТ/КТ-ға жолдама алғаннан кейін пациент медициналық ұйымды өз бетімен іздемейді және бос орын бар-жоғын анықтап әуре болмайды. Орталық мамандары пациентті зерттеуге жазуды үйлестіріп, медициналық ұйымдардың жүктемесін ескере отырып, қолайлы уақытты таңдауға көмектеседі.
Қазір бұл жүйеге алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары, онкологиялық орталықтар және ПЭТ/КТ зерттеуін жүргізетін 12 медициналық ұйым қосылған. Осылайша, пациенттерге ел бойынша қолжетімді диагностикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қажетті зерттеуден мүмкіндігінше қысқа мерзімде өтуге жағдай жасалып отыр.