Елімізде eGov GPT арқылы мемлекеттік қызметтер саны үш есе артады: Бектенов арнайы тапсырма берді

Ол цифрлық ассистент арқылы көрсетілетін қызметтер санын 150-ге дейін арттыруды тапсырды

Елімізде eGov GPT арқылы мемлекеттік қызметтер саны үш есе артады: Бектенов арнайы тапсырма берді
Фото: Үкімет

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында премьер-министрі Олжас Бектенов мемлекеттік органдардың алдына толыққанды цифрлық экожүйені қалыптастыра отырып, мемлекеттік қызметтер жүйесін одан әрі трансформациялау және мемлекеттің азаматтар мен бизнеспен өзара іс-қимылының проактивті моделіне көшу міндетін қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысы ел өмірінің әр саласына, бірінші кезекте, азаматтарға және бизнеске мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде озық технологиялар мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу міндетін қойды. Жасанды интеллект құралдарын шешім қабылдау үдерістерімен ықпалдастырып қана қоймай, олардың көмегімен мемлекеттік қызметтер көрсетудің толыққанды цифрлық экожүйесі қалыптасуға тиіс. Бұл ретте мемлекет пен азаматтың өзара іс-қимыл моделі одан әрі де шешімдерді проактивті түрде қабылдау қағидатына негізделуі қажет», - деп атап өтті премьер-министр Үкімет отырысында.

Сондай-ақ бүгінде мемлекеттік қызметтер көрсету саласы цифрландырудың жоғары деңгейіне жеткені туралы айтылды.

«Электрондық үкімет» порталы толығымен жаңғыртылып, жаңа eGov 3.0 платформасына көшірілді. Енді мемлекеттік органдар артық қадамдар мен құжаттарды алып тастап, өз қызметтерін осы платформа арқылы көрсетуді қамтамасыз етуге тиіс. Қазірдің өзінде eGov GPT цифрлық ассистентінің диалог терезесі арқылы 50 қызмет қолжетімді. Ол қажетті өтінімді өзі рәсімдеп, дайын нәтижесін ұсынады. Жасанды интеллект министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін цифрлық ассистент арқылы көрсетілетін қызметтер санын 150-ге дейін арттыруды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.