Тұрғын үйден өңірлерді дамытуға дейін: «Әділет» партиясы өңірлерде еңбек ұжымдарымен кездесті
Қостанай мен Ұлытау облыстарында партия өкілдері тұрғын үй саясаты, өндіріс пен цифрландыру мәселелерін талқыласа, Түркістан облысында кандидаттар партияның басымдықтарын таныстырып, Абайдың рухына тағзым етті
«Әділет» партиясының өкілдері Қазақстан өңірлеріндегі сайлауалды жұмысын жалғастыруда. Қостанай облысында партия мүшелері құрылысшылармен, Ұлытау облысында Жәйрем тау-кен байыту комбинатының еңбек ұжымымен кездесті. Ал Түркістан облысының Келес ауданында кандидаттар тұрғындармен кездесіп, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы: кандидаттар Абайдың рухына тағзым етті
«Әділет» партиясы Түркістан облыстық сайлауалды штабының өкілдері Келес ауданында бірқатар кездесу өткізді. Абай ауылындағы жұмыс сапары барысында облыстық үгіт-насихат тобы ұлы ойшылдың ескерткішіне арнайы барып, Абай күніне орай гүл шоқтарын қойып, оның рухына тағзым етті.
Іс-шараға Құрылтай депутаттығына кандидаттар Нұрлан Толыбаев, Бауыржан Жамалов, Нұрсадық Ергешбек, сондай-ақ штаб мүшелері Қалыйма Жантөреева мен Ләззат Асанова қатысты.

Нұрлан Толыбаев Абай мұрасының қазіргі қоғам үшін маңызына тоқталды.
«Партиямыздың «Әділет» деп аталуы тегін емес. Хакім Абай өзінің қара сөздерінде: «Рухтың ісі – әділет пен шапағат» деп, әділетті адамгершіліктің ең биік көрінісі ретінде көрсеткен. Бүгін біз ұлы ойшылдың ескерткішіне гүл қоя отырып, оның «Толық адам» іліміндегі әділетті қоғам құру идеясын басшылыққа алатынымызды мәлімдейміз. Біз үшін әділет – құр ұран емес, мемлекет пен халық арасындағы шынайы сенімнің кепілі», – деді Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев.
Айта кетейік, 10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының туған күні. Абайдың 175 жылдығы аталып өткен 2020 жылы Абай күні пайда болды. Атаулы күн Қазақстанның мереке күндері тізіміне ресми түрде енгізілгенімен, демалыс күні болып саналмайды.

Түркістан облыстық сайлауалды штабының Келес ауданындағы жұмыс сапары Жолбасшы ауылында басталып, Абай ауылындағы мәдениет үйінде жалғасты. Бұдан кейін штаб өкілдері Бесқұбыр ауылына барып, тұрғындармен еркін пікір алмасты.
Кездесулер барысында партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген басымдықтар да таныстырылды. Атап айтқанда, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік қолдаудың әділ жүйесін қалыптастыру, отбасы институтын нығайту, балаларды, аға буынды және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жан-жақты қолдау мәселелері сөз болды.
Қостанай облысы: құрылысшылар тұрғын үй саясатын талқылады
Жаңа-Қала шағын ауданындағы құрылыс алаңында «БК Строй» ЖШС еңбек ұжымымен сайлауалды үгіт-насихат кездесуі өтті. Оған құрылыс саласының өкілдері, сондай-ақ «Әділет» партиясы Қостанай облыстық сайлауалды штабының мүшелері Гүлмира Капенова мен Нұрлан Иргізбаев қатысты.
Кездесу барысында тұрғын үй құрылысы мен құрылыс саласын дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар жаңа үйлердің бой көтеруі, қалалық ортаның жаңаруы мен инфрақұрылымның дамуы мыңдаған маманның күнделікті еңбегіне байланысты екенін атап өтті.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі партияның тұрғын үй саясаты болды. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2031 жылға қарай халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейін бір адамға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу, апатты тұрғын үй қорын жаңарту және үлестік құрылыс саласындағы проблемалы нысандарды аяқтау мақсаты қойылған.
Бұл мақсаттарға жету үшін тұрғын үй саясатын жетілдірумен қатар, құрылыс саласының тұрақты дамуына жағдай жасау қажеттігі айтылды. Бұл ретте заманауи технологияларды енгізу, білікті кадрлар даярлау, кәсіпкерлікті қолдау және саладағы іскерлік белсенділікті арттыру маңызды бағыттар ретінде аталды.
«Құрылыс – адам еңбегінің нәтижесі бірден көрінетін сала. Әрбір салынған үйдің артында нақты мамандардың еңбегі, компанияның жауапкершілігі мен жұмыстың сапасы тұр. Сондықтан біздің міндетіміз – құрылыс саласының тұрақты дамуына жағдай жасау. Халыққа қолжетімді баспана, бизнеске түсінікті әрі ашық ережелер қажет, ал қалаларымызды салып жатқан еңбек адамдарының еңбегі лайықты бағалануы тиіс. Бұл – «Әділет» партиясының бағдарламасында белгіленген әділдік пен жауапкершілік қағидаттарының көрінісі», – деді Гүлмира Капенова.
Кездесу еңбек ұжымымен тікелей диалог орнатып, құрылыс саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Ұлытау облысы: Жәйремдегі өндіріс пен цифрландыру мәселелері талқыланды
«Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Ұлытау облысының Жәйрем кентіндегі Жәйрем тау-кен байыту комбинатында да жалғасты.
Жәйрем – өңірдің өндірістік әлеуетін қалыптастырып отырған маңызды елді мекендердің бірі. Кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы тау-кен өндірісімен тығыз байланысты. Мұндағы ірі кәсіпорындардың тұрақты жұмысы тұрғындарды жұмыспен қамтып, жергілікті экономиканың дамуына серпін беріп келеді.
Кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ақжол Құрмансейіт пен Алмат Әбдікешов қатысты.
Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өндіріс саласын цифрландыру, заманауи технологияларды енгізу және еңбек өнімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Кандидаттар «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, онда өңірлерді кешенді дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті. Бағдарламада өңірлердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, өндірісті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне басымдық берілген.
«Әділетті Қазақстанды қалыптастыру ең алдымен өңірлердің тұрақты дамуынан басталады. Жәйрем сияқты өндірістік елді мекендердің әлеуетін арттыру, кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және еңбек адамын қолдау – өңір экономикасын дамытудың маңызды тетіктері», – деді кандидаттар.
Кездесу барысында комбинат еңбеккерлері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, өндірісті цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту, еңбек жағдайын жетілдіру және өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысты ұсыныстар айтылды.
Кездесу соңында еңбек ұжымының ұсыныс-пікірлері алдағы жұмыс барысында назарға алынатыны айтылды.