Инклюзия саласында маман тапшылығы мен түзету орталықтарының жетіспеуі өзекті мәселе – ЖСДП

Сарапшылардың пікірінше, қолдау тек балалық кезеңмен шектелмей, адамның ересек өміріне дейін жалғасуы қажет

Инклюзия саласында маман тапшылығы мен түзету орталықтарының жетіспеуі өзекті мәселе – ЖСДП
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

ЖСДП ұйымдастырған Kazakhstan Inclusive Forum 2026 барысында аутистік спектрі бұзылған және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мәселелері сөз болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Форумда ата-аналар мен сарапшылар түзету орталықтарының жетіспеуі, білікті мамандардың тапшылығы және балалардың білім беру ұйымдарына қабылдануы кезінде кездесетін қиындықтарға назар аударды. Құрылтай депутаттығына кандидат Нүрия Балтабайқызының айтуынша, мұндай отбасылар күн сайын эмоционалдық және қаржылық қиындықтарға кезігеді.

«Аутизмі немесе басқа да даму ерекшеліктері бар балалар өсіп жатқан отбасылар күн сайын орасан зор эмоционалдық және қаржылық салмақпен бетпе-бет келеді. Түзету орталықтарының жетіспеуі, білікті мамандардың тапшылығы және білім беру ұйымдарына қабылдану кезінде кездесетін кедергілер – отбасылар үшін маңызды мәселелер. Әсіресе аналарға қолдау қажет. Сондықтан ерте балалық шақтан бастап ересек өмірге дейін инклюзивті білім беру мен оңалтудың үздіксіз жалғасуын заңнамалық тұрғыдан бекіту маңызды», – деді Нүрия Балтабайқызы.

Кездесуде ерекше қажеттілігі бар балаларды ерте диагностикалау мен оңалту қызметтерін жетілдіру, инклюзивті білім беру саласына мамандар даярлау мәселелері де сөз болды. Сарапшылардың пікірінше, қолдау тек балалық кезеңмен шектелмей, адамның ересек өміріне дейін жалғасуы қажет. Осыған байланысты әлеуметтік бейімдеу, жұмыспен қамту және қолжетімді орта қалыптастыру мәселелері де өзекті болып отыр.