ЖСДП сайлауалды науқанның аралық қорытындысын шығарды

Сондай-ақ «Болашақ Құрылтайға хат» бастамасы аясында азаматтардан түскен өтініштер қаралды

ЖСДП сайлауалды науқанның аралық қорытындысын шығарды
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

ЖСДП-ның орталық сайлауалды штабы екі айға жоспарланған үгіт-насихат науқанының алғашқы жартысының қорытындысын шығарды. Жиынға партияның өңірлік штабтарының өкілдері бейнеконференция арқылы қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуде өңірлерде өткен кездесулер мен сайлаушылардан түскен өтініштер сараланды. Партия өкілдерінің мәліметінше, осы кезеңде үгіт-насихат жұмыстарына қатысатын топтар жасақталып, өңірлерде тұрғындармен тұрақты кездесулер ұйымдастырылған. Сондай-ақ «Болашақ Құрылтайға хат» бастамасы аясында азаматтардан түскен өтініштер қаралды. Олардың арасында 16 жастағы жасөспірімнің хаты да бар. Ол сайлауға қатысып отырған жеті партияның бағдарламасымен танысып, өзіне жақын деп тапқан бағдарламаны атап өткен. Еске салайық, Құрылтай сайлауында дауыс беру құқығы 18 жасқа толған азаматтарға беріледі.

Жиын барысында сайлауалды науқанның алдағы екі аптасына арналған жұмыс жоспары да қаралды. Партияның орталық штабы өңірлердегі сайлаушылармен кездесулерді жалғастыруды жоспарлап отыр.

ЖСДП төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Асхат Рахымжанов қалған кезеңде партия мүшелері мен штаб өкілдеріне жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты.