Алматыда баласына 6 жылдан бері алимент төлемей жүрген әке сотталып кетті

Оның баласына төлемеген қарызы жиналып, 5 млн теңгеге жеткен

Алматыда баласына 6 жылдан бері алимент төлемей жүрген әке сотталып кетті
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Алматы қаласында алимент төлеуден жалтарған ер адам 1 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түрксіб ауданының прокуратурасы ер адамның кәмелетке толмаған баланы асырап-бағуға алимент төлеу туралы сот шешімін орындаудан алты жылдан астам уақыт жалтарғанын анықтады.

«Қарыз сомасы 5 млн теңгеден асқан. Бірнеше рет хабарлағанына қарамастан, борышкер ұсынылған жұмысқа орналасудан бас тартқан, сондай-ақ «Яндекс Такси» сервисіндегі жұмыстан түскен табысты алимент төлеуге жұмсамай жасырған. Бұған дейін ол әкімшілік жауаптылыққа тартылған болатын, алайда өз міндеттерін орындаудан жалтаруды жалғастырған. Бүгінгі күні Алматыда ҚР ҚК-нің 139-бабымен 38 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген, ал алимент бойынша 227 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылған», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Алматы қаласының прокуратурасы баланы асырау – әрбір ата-ананың міндеті екенін,алимент өндіріп алу туралы сот шешімін орындаудан жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылықтың көзделгенін еске салады.