Қызылордада заңсыз алтын өндіріп, Алматыға сатқан: қылмыстық топтың жымысқы әрекеті анықталды (ВИДЕО)
Олар айналасына бақылаушылар қойған, ал мотоцикл мінген адамдар маңайды торуылдаған
Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысында прокуратураның үйлестіруімен және ҰҚК департаментімен бірлесіп, Шиелі ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топты қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу дерегінше, Жаманкөл шатқалында күрделі өндірістік өңдеуді қажет етпейтін табиғи алтын өндірілген. Топ мүшелерінің міндеттері өзара нақты бөлінген: бірі алтын іздеушілерді тартып, өндіру жұмысын ұйымдастырса, енді бірі тасымалдау мен сатуға жауапты болған. Тағы бір бөлігі қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.
Заңсыз әрекетті жасыру үшін аумақтың айналасына бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар маңайды торуылдаған. Олар бөгде адамдардың немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің келгенін алдын ала ескертіп отырған.
«Өндірілген алтын сату үшін Алматы қаласына жеткізіліп, одан түскен ақша топ мүшелерінің арасында бөлінген. Тінту барысында құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, 2 арнайы техника, 12 металл іздегіш және 6 автокөлік тәркіленді. Сондай-ақ 2 пневматикалық тапанша мен тегіс ұңғылы мылтық табылды. Қазір 13 адам қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр», – делінген ҚМА хабарламасында.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.