ШҚО-да телевизиялық мұнараның басына шығып алып, түсе алмай қалған екі бала құтқарылды (ВИДЕО)

Оқиға Ақжар ауылында профилактикалық рейд кезінде болған

ШҚО-да телевизиялық мұнараның басына шығып алып, түсе алмай қалған екі бала құтқарылды (ВИДЕО)
Видео: скриншот

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында ТЖМ қызметкері мен полиция инспекторы телевизиялық мұнараның басына шығып кеткен екі баланы аман-есен жерге түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Ақжар ауылында профилактикалық рейд кезінде болған. Тарбағатай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Архат Нығмашев телевизиялық мұнараның төбесіне шығып кеткен екі баланы байқап қалған. Белгілі болғандай, балалар биіктен өздігінен түсе алмай қалған.

Оқиға орнына Тарбағатай аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Диас Жұмаділов келіп, құтқару жұмысына қолдау көрсетті. Ал Архат Нығмашев мұнараға көтеріліп, балаларды қауіпсіз жерге түсірді. Осылайша қызметкерлердің үйлесімді әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкіндігі туды.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарды балалардың қайда жүргенін үнемі бақылауға шақырды. Сондай-ақ қараусыз қалған құрылыстар мен басқа да қауіпті нысандарға барудың қатерлі екенін балаларға түсіндіру қажеттігін ескертті. Төтенше жағдай туындаса, 112 нөміріне хабарласу қажет.