Теледебат: партиялар білім беру реформасына қатысты ұстанымдарын таныстырды
Теледебатта жеті партия білім мен ғылымның болашағын талқылады
«Жетінші арнаның» тікелей эфирінде Құрылтай сайлауына түсетін жеті саяси партияның өкілдері теледебатқа қатысты. Теледебаттың екінші кезеңі білім беру жүйесін дамытуға қатысты ұсыныстарды талқылауға арналған. Жеті партия өкілі сайлауалды бағдарламаның басымдықтарын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жеребе бойынша Respublica партиясынан Мейрамгүл Мәдәлі алғаш сөз сөйледі. Оның айтуынша, халыққа сөз емес, іс керек. Партия білім деңгейі қаладан кенжелеп қалған ауылдарға сапалы білімді ұсынатынын айтты.
«Ауылдың баласы ауылда туғанына кінәлі емес. Өңірлерде қазіргі заманғы мектеп салған инвесторларға салықтық жеңілдіктерді сақтап қалуды ұсынамыз. Ең бастысы мектеп формасы емес, білімнің қауіпсіздігі, сапасы. Біздің депутаттар Қазақстанда тұңғыш рет уран саласы бойынша мамандық ашып, қырық жеті студент білім алып жатыр», – деді Мәдәлі.
Оған әлеуметтік желі арқылы атластағы мамандықтар бойынша сұрақ қойылды.
«Атлас деген алдағы 5-10 жылға жасалатын жоспар. Ал жасанды интеллект күн сайын дамып жатыр. Бізде 562 мамандық трансформацияға түседі. Жыл сайын еңбек нарығына жаңа мамандық қосып, кейбір мамандықты алып тастау мәселесі туындайды», – деді Мәдәлі.
«Ақ жол» партиясынан Дулат Тастекей өз сөзін кәсіпкерлерден бастады. Партия кәсіпкерлерден құралғандықтан, білімге де кәсіп ретінде қарайтынын айтты.
«Үш міндеттемені атап айтқым келеді. Педагог жалақысының жыл сайын өсіп тұруын заң аясында бекіту керек. Себебі ұстаздардың жалақысы – бір ставка емес, бір жарым ставканың қаржысы. Ұстаздарды есептен арылтып, бала оқуға жағдай жасау керек. Тең мүмкіндікті қала мен ауыл баласына бірдей жасауымыз керек. Таланттарды елге қайтаруымыз керек», – деді партияның өкілі.
Дулат Тастекейге әлеуметтік желі бойынша білім алған жас маманды елде еңбек етуге қалдыруға көндіру жайлы сұрақ келді.
«Мен құр сөзбен әуежайдан кетіп бара жатқан баланы қайтара алмаймын. Біздің мақсатымыз сол жақтан елге мықты тәжірибе жинап келіп әрі қарай елде жұмыс істесе, бізге пайда көп келетінін түсіну. «Болашақ» бағдарламасымен де оқып келгендер қазір елде сапалы еңбек етіп жүр», – деді ол.
ЖСДП партиясынан Мақсұт Насибулов уран мен мұнайды елдің байлығы деп ойлап қателесетінімізден бастады.
«Елдің басты байлығы – ол адам. Ел жер қойнауындағы байлығымен емес, білімді азаматтармен, білікті мамандармен мықты ел болмақ. Біздің азаматтарымыздың алдында қазір таңдау тұр. Әрі қарай байлығымызға сеніп жүреміз бе, әлде ғылым мен білімге қаржы құямыз ба? Осы мәселені шешіп алуымыз керек», – деді Насибулов.
Ол партия ұсынып отырған басты үш басымдықты атап өтті. Партия өкіліне әлеуметтік желі бойынша ЖОО-ға қатысты сұрақ қойылды.
«Біз қазірден бастап жұмыс істеуіміз керек. Кәсіби-техникалық білімді күшейту керек. Мектеп бітіруші қазір мамандық емес, ҰБТ жайлы ойлайды. Қазірден бастап мамандық таңдау жайлы ойлану керек. Кәсіби мамандар аптасына бір сағат сабақ өтіп, мамандық табуға жәрдемдесу керек. Қазір ҰБТ-ны қалай тапсырамын деп ойлайды. Мемлекет қала мен ауылға бірдей жағдай жасауы керек», – деді ол.
«Әділет» партиясының саяси кеңес мүшесі Рауан Кенжеханұлы әлемде мемлекеттік күшін анықтайтын білім, ғылым және технология екенін айтты.
«Партия осы міндеттерді іске асыруға нақты шаралар ұсынады. Сапалы білім әр балаға қолжетімді болуы керек. «Әділет» партиясы 5 жылда 79 мың балабақшадағы орын, 300 мың мектептегі оқушы орны пайда болады. Ғылым экономикаға қызмет етуі тиіс. Жаңа өндіріске жаңа технология жұмыс істеуі керек. Технология адамға қызмет етуі керек», – деді ол.
Рауан Кенжеханұлына заманауи технологиялар мен жасанды интеллектінің білім беру жүйесін қалай өзгерте алатыны және мұғалімдердің жұмысын қалай жеңілдететіні туралы сұрақ қойылды.
«Жасанды интеллект мұғалімнің сабақ жоспарын дайындаудан бастап есептілікке дейінгі күнделікті қайталанатын рутиналық жұмысының басым бөлігін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұл педагогтерге оқушыларға көбірек көңіл бөлуге, ал мектептерге оқытудың дербестелген тәсілін енгізуге және білім сапасын арттыруға жол ашады», – деп жауап берді Рауан Кенжеханұлы.
«Байтақ» партиясынан Аслан Байзаханов мектептер мен оқулықтар, педагогтерді дайындау туралы сөз қозғағанын, бірақ ең алдымен ел тағдырын шешетін, қабылдаған шешім үшін жауап беретін азаматтарды тәрбиелеу керегін айтты.
«Мен дәрігермін. Жиырма жылдан астам ақ халатпен қызмет еттім. Нағыз денсаулық емханадан басталмайды. Ол таза ауа, сапалы тағам мен қоршаған ортадан басталады. Елімізде сегіз мыңға жуық мектеп бар. Оның басым бөлігі үш мегаполисте орналасқан. Бұл үлкен дисбаланс, қала мен ауылдағы білімді теңестіру керек», – деді ол.
Әлеуметтік желі арқылы Аслан Байзахановқа математика мен экологияның ұқсастығы жайлы сұрақ қойылды.
«Кез келген экологиялық өзгеріс кезеңдеп шешім қабылдауды қажет етеді. Ал математикалық есеп арқылы сондай құбылыстарды есептей аламыз. Ал экология саласындағы әр маман үшін математиканы жетік білген дұрыс», – деді ол.
«Ауыл» партиясынан Шахмардан Байманов ресми дерек бойынша елде 445 мың жас оқымайтынын немесе білім алмайтынын айтты.
«Бұл – үлкен проблема. Елде білім мен еңбек нарығының арасы алыс деген сөз. Партия осы мәселенің шешімімен айналысып келеді. Мектептерде бейіндік сыныптарды ашу қажет. Жыл сайын отыз мыңға жуық жас еліне оралып еңбек етуі керек. Алдағы жылдары еңбек нарығына 360 мыңға жуық жас келеді», – деді партияның өкілі.
Партия мүшесіне агроном мамандығына қызықпайтын жастарға қатысты сұрақ қойылды.
«Жыл сайын ауылдан квота бойынша грантта оқыған жастар өз ауылдарына қайтып келіп, еңбек етуі керек. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы дұрыс жұмыс істемеді деп айта алмаймыз. Ол тиімді жұмыс істеді. Біз қазір жаңа мамандықтарды енгізуіміз керек», – деді ол.
Қазақстан Халық партиясының өкілі Бейбіт Құсайынов партияның білім беру жүйесін дамыту бойынша ұсыныстары туралы айтып берді. Ол реформалар білім берудің барлық деңгейін мектепке дейінгі тәрбиеден бастап жоғары оқу орындарына дейін қамтуы, сондай-ақ барлық бала үшін сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.
«Әрбір бала, қалада немесе ауылда тұратынына қарамастан, елдің үздік педагогтерінен білім алуға және заманауи цифрлық білім беру ресурстарын пайдалануға мүмкіндігі болуы керек. Сондай-ақ біз мұғалімдердің жалақысын арттыруды қолдаймыз және білім сапасын көтеру үшін мектептердің тиімділігін оқушылардың шынайы білімі бойынша бағалауды ұсынамыз», – деп мәлімдеді Бейбіт Құсайынов.
Дебат барысында Бейбіт Құсайыновтан Владимир Ленинге деген жеке көзқарасын білдіруді сұрап, ҚХП Коммунистік партияның құқықтық мұрагері екенін еске салды.
«Партия коммунистік идеологиядан бас тартып, осыдан бірнеше жыл бұрын ребрендинг өткізді. Ал Владимир Ленинге келетін болсақ, мен оған тарихта маңызды рөл атқарған және дәл осы мәртебеде құрметтеуге лайықты тарихи тұлға ретінде қараймын», – деп жауап берді Бейбіт Құсайынов.
Үшінші кезеңде студияға жиналған партия өкілдерінің жақтастары өзге партияға сұрақ қоя алады. Respublica партиясынан Мейрамгүл Мәдәліге жоғары оқу орындарын тәуелсіз аккредиттеуге қатысты сұрақ қойылды. Ол аккредиттеуді партия реттеуді ұсынып отырғанын айтты. ЖОО-ның аккредиттеу сертификаты емес, білім сапасы маңызды екенін айтты.
«Ақ жол» партиясынан Дулат Тастекей бизнеске, білім саласына қатысты өзіне қойылған сұраққа жауап берді. Ол партия бұл салада көп еңбектенгенін айтты. Жаңа Құрылтай өз жұмысына кіріссе, бюджетке қатысты сұрақ туындайтыны анық. Ол партия оны сауал арқылы шешетінін айтты.
ЖСДП өкілі Мақсұт Насибуловқа партияның символикасы мен оның ғылым және технология саласындағы басымдықтары туралы сұрақ қойылды. Оған жауап ретінде ол партия өзінің социал-демократиялық бастауларына қайта оралуды және партияның дәстүрлі құндылықтарын нығайтуды көздеп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, партияның жаңаруы командадағы өзгерістермен және оның саяси бағытын одан әрі дамытумен қатар жүреді.
«Әділет» партиясының саяси кеңес мүшесі Рауан Кенжеханұлына бизнес ұзақ мерзімді ғылым жобаларына инвестиция құюға ынталандыру бойынша сұрақ қойылды. Ол кез келген мәдениет бірден қалыптаспайтынын айтты. Ол халықаралық қазақ тілінің қоғамын бірге дамытуға шақырды.
«Байтақ» партиясынан Аслан Байзахановқа цифрлық ел құру аясында жеке деректер базасын құру үшін су тапшылығы туындауы мүмкін екені айтылып, партия осы мәселені қалай шешетіні жайлы сұрақ қойылды. Ол деректерді өңдеу орталығы энергия мен суды қажет ететінін алға тартып, кез келген орталық саларда, жаңартылған энергия көздерінен энергияны алуды ұсынды.
«Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Баймановқа аға буын өкілдерін цифрлық сауаттылыққа үйрету бағдарламасын жүзеге асыру туралы сұрақ қойылды. Ол бұл оқытуды мектептер, коворкинг-орталықтар мен жастар ресурстық орталықтары базисінде ұйымдастыруға болатынын, ал сабақтарды жоғары оқу орындары мен колледж студенттері өткізе алатынын айтты. Оның сөзінше, бұл бастаманы жүзеге асыру үшін қажетті мемлекеттік бағдарламалар қазірдің өзінде бар.
Қазақстан халық партиясының өкілі Бейбіт Құсайыновқа партияның сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік бағыттағы қандай мәселені шешу бойынша бастамалары бар деген сұрақ қойылды. Ол ғылымды білімнен жеке қарастырмайтынын айтты. Оның барлығы жол картасына енгізілетінін айтты.
Төртінші кезеңде әр спикер халыққа үндеу жасап, халықтың сеніміне кіру үшін сөз сөйледі.