Астанада 14 қабатты тұрғын үй кешенінде түнде өрт шықты (ВИДЕО)
Құтқарушылар жеті адамды қауіпсіз жерге шығарды
Астанада түн ортасында «Лазурный квартал» тұрғын үй кешенінің 13-қабатындағы пәтерден өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт туралы хабарлама сағат 03:45-те түскен. Есіл ауданындағы Сарайшық көшесінде орналасқан 14 қабатты «Лазурный квартал» тұрғын үй кешенінің 13-қабатындағы лоджиядан өрт шыққаны анықталды. Өрт аумағы 15 шаршы метрді құрады.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері екі адамды құтқарып, тағы бес адамды эвакуациялаған. Барлығы қауіпті аймақтан жеті адам шығарылды.
Өрт сағат 04:22-де толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 25 қызметкері мен 7 техникасы жұмыс істеді.