«Жетінші арнадағы» сайлауалды дебат: партиялар бастамаларын ұсынып, аралық дауыс беру нәтижелері жарияланды

Теледебаттың алғашқы кезеңі білім беру мәселесіне арналды

«Жетінші арнадағы» сайлауалды дебат: партиялар бастамаларын ұсынып, аралық дауыс беру нәтижелері жарияланды
Фото: Жетінші арна/Видеодан скрин

Құрылтай сайлауына түсетін жеті саяси партияның өкілдері арасында теледебат өтіп, оның алғашқы кезеңі білім беру мәселесіне арналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жеребе қорытындысы бойынша алғаш болып Respublica партиясының өкілі Мейрамгүл Мәдәлі, одан кейін «Ақ жол» партиясынан Дулат Тастекеев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан Мақсұт Насибулов, «Әділет» партиясынан Рауан Кенжеханұлы, «Байтақ» партиясынан Аслан Байзаханов, «Ауыл» партиясынан Шахмардан Байманов және Қазақстан Халық партиясынан Бейбіт Құсайынов сөз сөйледі.

Алғаш болып сөз алған Respublica партиясының өкілі Мейрамгүл Мәдәлі Қазақстанды білім экспорттайтын елге айналдыруды ұсынды. Партия жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, шетелдік талапкерлерге арналған цифрлық қабылдау жүйесін енгізу, қос дипломды бағдарламаларды көбейту, онлайн білім экспортын дамыту және университеттердің академиялық еркіндігін кеңейтуді көздейді.

Бұған жауап ретінде «Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тастекеев Respublica бағдарламасында ауыл мектептері, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы мен еңбекақысына қатысты нақты міндеттемелер көрсетілмегенін айтты. Ол партиядан ұстаздардың жалақысын көтеруге қатысты нақты ұстанымын сұрады. Өз кезегінде Мейрамгүл Мәдәлі мұғалімнің білім беру жүйесіндегі негізгі тұлға екенін айтып, жасанды интеллект ұстазды алмастыру үшін емес, оның жұмысын жеңілдету үшін енгізілетінін жеткізді.

Одан кейін сөз алған «Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тастекеев мұғалімдердің жалақысын жыл сайын инфляция деңгейінен жоғары көтеруді заң жүзінде бекітуді, сондай-ақ парламенттің бюджетті бақылау өкілеттігін кеңейтуді ұсынды.

Бұған «Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы жауап қатып, оның партиясы ұзақ жылдар бойы Парламентте отырғанына қарамастан, білім беру саласындағы түйткілдер толық шешілмегенін айтты. Дулат Тастекеев өз партиясының билік емес, парламенттік оппозиция болғанын айтып, банкроттық туралы заң, парламенттік оппозиция туралы заң және басқа да бастамалардың қабылдануына үлес қосқанын жеткізді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілі Мақсұт Насибулов жоғары білімді кезең-кезеңімен тегін етуді ұсынды. Оның пікірінше, білім мен ғылымға жұмсалатын инвестицияны көбейту арқылы жастардың жоғары білімге қолжетімділігін арттыруға болады.

Бұл бастамаға қатысты «Байтақ» партиясының өкілі Аслан Байзаханов төрт күндік жұмыс аптасын енгізу туралы ұсыныстың қалай жүзеге асырылатынын және әртүрлі салаларда оның тиімділігі қандай болатынын сұрады. Жауап берген Мақсұт Насибулов бұл бастама Германия, Ұлыбритания және Исландия сияқты елдердің тәжірибесіне негізделгенін айтып, халықаралық тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеу қажет екенін жеткізді.

«Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы білім беру жүйесін цифрландыруды, жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді және цифрлық сауаттылықты арттыруды ұсынды. Партия алдағы бес жыл ішінде бес миллион азаматты цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дағдыларына оқытуды жоспарлап отыр.

Бұл ұсынысқа «Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов қазіргі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасынан бөлек, шалғай ауылдарға педагог тартудың қандай жаңа тетіктері ұсынылатынын сұрады. Рауан Кенжеханұлы қолданыстағы бағдарламаның тиімділігін мойындай отырып, шағын жинақты мектептерге бірнеше пәнді қатар жүргізе алатын мұғалімдерді даярлау және ауыл мектептерінің ерекшеліктеріне бейімделген кадрлық саясатты дамыту қажет екенін айтты.

«Байтақ» партиясының өкілі Аслан Байзаханов экологиялық мәдениетті білім беру жүйесінің барлық деңгейінде қалыптастыруды ұсынды. Партия мектептерде экологиялық клубтарды көбейтіп, барлық мамандыққа экологиялық білім элементтерін енгізуді қолдайды.

Бұл ұсынысқа байланысты Қазақстан Халық партиясының өкілі Бейбіт Құсайынов жоғары білімді кезең-кезеңімен тегін ету бастамасының қазіргі грант жүйесінен қандай айырмашылығы барын және оны қаржыландыру көздерін нақтылады. Аслан Байзаханов еңбек нарығына сұранысы төмен мамандықтарды қайта қарап, гранттарды оңтайландыру арқылы бұл бастаманы кезең-кезеңімен жүзеге асыруға болатынын айтты.

«Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов ауыл мектептерінің инфрақұрылымын жақсарту, интернет сапасын көтеру, зертханалар ашу және ауылдан шыққан жастардың туған жеріне оралуын ынталандыру мәселесіне тоқталды.

Оның сөзінен кейін бағдарламада көрсетілген инфрақұрылымға арналған 9 трлн теңгенің қайдан алынатынын және ауыл мектептеріндегі бейіндік сыныптардың қалай жұмыс істейтінін сұрады. Шахмардан Байманов бұл қаражат жаңа қаржы емес, мемлекет бөлетін инфрақұрылымдық қаражат екенін айтып, партия сол қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылауды көздейтінін жеткізді. Сонымен қатар ауыл мектептеріндегі интернет сапасын арттыру, заманауи зертханалар ашу, мектеп пен еңбек нарығының байланысын күшейту және ауыл мұғалімдерінің біліктілігін көтеру қажеттігін айтты.

Қазақстан Халық партиясының өкілі Бейбіт Құсайынов инклюзивті білім беру мәселесіне ерекше тоқталды. Партия ерекше білім беру қажеттілігі бар әр балаға жеке тьютор беру бастамасын көтерді.

Бұл ұсынысқа қатысты Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілі Мақсұт Насибулов тьюторларды қайдан дайындайтынын және маман тапшылығы қалай шешілетінін сұрады. Бұған жауап берген Бейбіт Құсайынов партия ерекше баланың ата-анасына тьютор болып жұмыс істеуге мүмкіндік беруді ұсынып отырғанын айтты. Оның пікірінше, бұл әрі ата-ананы жұмыспен қамтып, әрі ерекше балалардың сапалы қолдау алуына мүмкіндік береді.

Осылайша алғашқы теледебатта партиялар білім беру саласын қаржыландыру, мұғалімдердің мәртебесі, жоғары білімнің қолжетімділігі, цифрландыру, ауыл мектептері, экологиялық тәрбие және инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзара пікір алмасып, сайлауалды бағдарламаларындағы негізгі бастамаларын таныстырды.

Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – көрермендердің белсенді қатысуы. Тікелей эфир барысында QR-код арқылы онлайн дауыс беру жалғасуда. Көрермендер ««Қай партия өкілінің сөзі өтімді?» деген сұраққа жауап беріп, өз таңдауын жасауда.

Алғашқы кезеңдердің қорытындысы бойынша онлайн дауыс берудің аралық нәтижелері жарияланды.

Онлайн дауыс берудің аралық нәтижелері:
1. «Әділет» партиясы – 42,53 %;
2. ОСДП – 9,57 %;
3. «Байтак» партиясы – 1,32 %;
4. Қазақстанның Халық партиясы – 10,13 %;
5. «Ауыл» партиясы – 17,58 %;
6. «Ақ жол» партиясы – 7,22 %;
7. Respublica партиясы – 10,88 %;
8. «Ешқайсысын қолдамаймын» – 0,77 %.

Онлайн дауыс беру тікелей эфир аяқталғанға дейін жалғасады.