Алматыда полициядан қашпақ болған күдіктіден 500 миллион теңгенің есірткісі тәркіленді (ВИДЕО)

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды

 

Алматыда полициядан қашпақ болған күдіктіден 500 миллион теңгенің есірткісі тәркіленді (ВИДЕО)
Фото: © istockphoto.com

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Медеу ауданындағы жекеменшік секторды патрульдеп жүрген «Буран-613» экипажының қызметкерлері күдік тудырған ер адамды байқап қалған. Тәртіп сақшыларын көрген ол бағытын өзгертіп, бой тасалауға әрекеттенген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Керей-Жәнібек хандар көшесінің бойында болды. Қашып бара жатып, ер адам үстіндегі киімдерін шешіп, сөмкесін лақтырып кеткен. Алайда патрульдік полиция қызметкерлері оны дер кезінде ұстады.

Күдіктінің лақтырып кеткен сөмкесін тексеру барысында ішінен өсімдік тектес, өзіне тән иісі бар заттың ірі көлемдегі партиясы табылды. Алдын ала болжам бойынша, бұл — марихуана. Заттың нақты құрамы мен салмағы сот-химиялық сараптама нәтижесінде анықталатын болады.

Тергеудің алдын ала мәліметтері бойынша, ұсталған азамат есірткі заттарын әрі қарай өткізу мақсатында алып жүргенін мойындады. Күдіктінің айтуынша, заңсыз айналымнан алынған бұл есірткі партиясының қара базардағы құны шамамен 500 миллион теңгені құрайды.

Оқиға орнына Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы келіп, тексеру жүргізді. Барлық зат тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта есірткінің қайдан жеткізілгені анықталып жатыр.