«Ауыл» партиясы: Ветеринария – азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі тірегі
«Ауыл» партиясының кандидаттары ветеринария саласының мамандарымен кездесті
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Якорь ауылында «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов бастаған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттар өңірлік Ветеринария басқармасының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында ветеринария саласын дамыту, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Кездесу барысында партия өкілдері агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы ветеринария қызметінің маңызына тоқталды.
Қайрат Айтуғанов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету салалық мамандардың ұсыныстары мен тәжірибесіне назар аударудың маңызды екенін айтты.
Кездесу барысында кандидаттар ветеринария саласындағы өзекті мәселелерге пікір білдірді. Рабиға Тоқсейтова кадр тапшылығын азайту мен салық саясатын жетілдіру қажеттігін көтерсе, Владимир Киян биологиялық қауіпсіздікті күшейту үшін ғылыми әлеуетті арттыру және зертханалық базаны жаңғырту мәселесіне тоқталды. Ал Ольга Клишина ауылдық жерлерде жас мамандарды тұрақтандыру және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы бастамаларға назар аударды.
Сондай-ақ жиында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, бюджет ашықтығын арттыру, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және «Ауыл көмегі» консультациялық орталықтарын құруға қатысты бастамалар таныстырылды.
Кездесу соңында партия өкілдері ветеринария саласы қызметкерлеріне еңбектері үшін алғыс айтып, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мамандардың бірлескен жұмысына байланысты екенін атап өтті.