ЖСДП кандидаты Оралда жер үлескерлерімен кездесті

Кездесуге қатысқан жер үлескерлері қазіргі мәселе жерді қайта бөлу емес, құқықтық құжаттардың сабақтастығын қарастыру қажеттігімен байланысты екенін жеткізді

ЖСДП кандидаты Оралда жер үлескерлерімен кездесті
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Орал қаласында ЖСДП-дан Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидат Анаргүл Әбенова жер үлескерлерімен кездесу өткізді. Жиында ауыл тұрғындарының жер үлесіне қатысты мәселелері талқыланып, олардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында кандидат партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, жер қатынастары, ауыл тұрғындарының құқықтарын қорғау және өңірлердегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар азаматтардың ұсыныстары Құрылтай жұмысына енгізу үшін жинақталатыны айтылды.

Кездесуде сөз алған «Елена және «Цветущие сады» компаниясы» коммандиттік серіктестігінің директоры Елена Уланова серіктестік құрамындағы 414 азаматтың жер үлесіне қатысты мәселесін көтерді.

«Біздің серіктестік заң талаптарына сай құрылғаны сот шешімдерімен расталған. Соған қарамастан, жер учаскелері осы күнге дейін рәсімделген жоқ. Азаматтардың құқықтары негізінде қалыптасқан жерлер кейін басқа шаруашылықтардың ұзақ мерзімді пайдалануына берілген. Біз үшін ең маңызды сұрақ – жүздеген адамның заңды құқығы қандай негізде тоқтатылды? Осы мәселенің құқықтық бағасы берілуі керек деп есептейміз. Біздің мақсатымыз – біреудің жерін тартып алу емес, заңмен берілген құқықтардың сақталуын қамтамасыз ету», – деді Елена Уланова.

Кездесуге қатысқан жер үлескерлері қазіргі мәселе жерді қайта бөлу емес, құқықтық құжаттардың сабақтастығын қарастыру қажеттігімен байланысты екенін жеткізді.

Жиын қорытындысында қатысушылар шартты жер үлестеріне қатысты мәселелерге республикалық деңгейде құқықтық талдау жүргізу, депутаттар мен заңгерлердің қатысуымен жұмыс тобын құру, өңірлердегі жер үлесіне қатысты өтініштерді жинақтау, сондай-ақ үкіметке, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Әділет министрлігіне және Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдау жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

Сондай-ақ азаматтардың құқықтары негізінде қалыптасқан жер алқаптарының кейінгі рәсімделуіне мемлекеттік құқықтық аудит жүргізу және жер үлесіне қатысты құқықтарды қалпына келтіруге бағытталған арнайы заңнамалық тетіктерді әзірлеу мәселесі де көтерілді.

Кездесу соңында қатысушыларға «Үлескердің мәселелер картасы» атты сауалнама таратылып, жиналған мәліметтерді жүйелеу арқылы жер қатынастарына қатысты ұсыныстар әзірлеу жоспарланғаны айтылды.